Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік күніндегі құрмет

Тәуелсіздік күніндегі құрмет

Ерте ме, кеш пе еткен еңбек, төккен тер зая кетпей өз бағасын алып отырады. Ел ішінде саналы ғұмырын еңбекке арнаған қарапайым еңбек адамдары көп. Уақытпен санаспай екі білегін сыбанып бірі орақ орып, кетпен шапса, енді біреулері таяғын алып, жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп мал бақты. Тағы бірнеше топ темір тұлпарды бағындырып қақаған қыстың аязы мен отша күйдірген шілденің ұзақ күндерінде дала жұмыстарын атқарды.
Көп жылғы бейнеттің зейнетін көріп, көлеңкесінде тынығатын, шынарға айналған, биіктен көрінген жандар әрдайым құметке лайық. Қазіргі кезде жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне шығуға жол тартқан ата мен әже салтанатын құрған, «Әдемі қарттық – бір бақыт» деген аталы сөздің иелерін елеусіз, ескерусіз қалдырмай мерейлерін үстем етуде көптеген шаралардың өткізіліп жатқаны көңіл қуантады. Жуырда ғана мадақтауға тұратын үлкендердің еңбектерін елеп, құрметтеу Алғабас ауылы мен әлі де іргесі бөлінбеген «Бестам» елді мекенінде орын алды.
«Өз елінің қара тасын мақтамаған, кісі, елінің алтынын мақтап жарытпас» деген сөздің астарында қаншама ой жатыр.
Осы орайда тәуелсіздік күніне орай екі ауылда да ауыл әкімдігі, ардагерлер, мекеме басшылары бас қосқан жиында бірнеше ардагерлер марапатталды. Республиканың «Ел құрметі» қоғамдық қорының атынан көп жыл егіс даласында жүрген, облыстық батагөйлер сайысының жүлдегері, Жақай Сақбаевты «Құрмет ардагері», 40 жылдан астам мал дәрігері маманы қызметін атқарған Әріпхан Жақыповты «Еңбек даңқы», Әбди Бековті «Ерен еңбегі» үшін төс белгілерімен марапаттады. Бұл құрметтен аналар да шет қалған жоқ. Қоғамның оң бағытта қалыптасуына ықпал еткен, отаншыл, білім беру саласында атқарған сүбелі еңбегі үшін ағылшын тілінен дәріс берген, көп балалы ана Сәбира Мұстафаева «Құрметті педагог», математика пәнінің майталманы «Аға оқытушы» атағын алған. Гүлхадиша Ыбраеваның да кеудесіне «Құрметті педагог» төс белгісін ауыл әкімі Азамат Есімов тақты. Бұл ел ішіндегі өмірге деген көзқарастың ілгерілеуі, қарттарға деген ізгі ниеттің өріс алуы болса керек. Алғабас ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы ­Машрапин Жылқайдардың зейнеткерлермен қатар жастармен байланыс жасай ­отырып зерделеуінің нәтижесінде мұндай іс-шаралар жиі-жиі болып тұрады. Алғашқы сөз алған төрағаның «Жорғаның қадірін желігенде білерсің, жақсының қадірін дүниеден озғанда білесің» деген тәмсілдің соңғысын пайдаланғаннан гөрі арамызда жүрген жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды жарық күндерінде қадірлейік деген сөзі көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Қырманы тасып, бірлігі мен ынтымағы жарасқан «Бестам» ауылының қарияларына да бұл құрмет көрсетілді. Ауқымды іс-шараның ұйытқысы болған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілда Әбдуайтовтың ұйымдастыруымен халықпен дидарласудың сәті түсті.
Сексеннен асқан, темір тұлпарлардың құлағында ойнаған, ақылшы қария Боранбаев Елтай ағамызға «Құрметті ардагер», механизатор Жақсылық Амангелді «Ел құрметі», Батыр ана Сейсенкүл Айдарова «Еңбек даңқы» медальдарына лайық деп табылып, табыс етілді.
Қажырлы еңбектің нәтижесінде, жетістіктерге жетіп, көпшіліктің құрметіне бөлене бергенге не жетсін. Болашақ үшін тер төккен жандардың есімін халық қашанда қастерлеп өтеді.
Тәуелсіздік алған тарихи сәттердің куәсі болған, телегей теңіздей өмір жолында әдемі қартая білген қарттарымыздың бейнетін бағалай білу құрметтің алтын арқауы болып қала бермек.

Айжамал әбдіхамитқызы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі
21 желтоқсан 2022 ж. 421 0