Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазір неге Еңбек Ері шықпайды?

Қазір неге Еңбек Ері шықпайды?

Еңбек Ері | Qazaquni.kz | Қазақстан жаңалықтары | Қазақ үні сайтыШиелі ауданы 41 Еңбек Ерін шығарған еңбек майданының хақ ортасы десек те болады. Оны әлі күнге барған, жүрген жерімізде мақтанышпен ­кеуде керіп айтып-ақ жүрміз. Бірақ бұл күндері бұрынғыдай желдің өтінде, малдың соңында жүрген шопанынан бастап, егістік даласындағы диқанына дейін назардан тыс қалдырмай ісін елге үлгі етіп, өзін құрметке бөлейтін заман келмеске кетті. Алайда, шын мәнінде құрметке лайық іс атқарып, нардың жүгін көтеріп жүрген азаматтар ел арасында жетерлік. Оларды кім ескеріп, еңбегін кім елеп жатыр?
Бұнымыз «байдың асын қызғанған байғұстығымыздан» емес, әрине. Төредей төбемізге көтеріп, сый-сияпатты аямай төгетін спортшыларымызға көрсетілетін құрметті жетістікке жеткен өзге сала мамандарынан аяп қалатынымыз неліктен? Осы біз кімдерді құрметтеп жүрміз, анығында шын қошеметке кімдер лайық?
Қашаннан мұсылман қауымда, оның ішінде қазақта да құрмет-қошемет өзінің болмысымен, азаматтығымен әр түрлі салада іскерлік көрсеткен, еңбегін сіңірген, үлгі-өнеге болған адамдарға лайық. Оларды марапаттаудың жолдары да әрқалай. Марапат демекші жуырда ғана «Бестам Елі» шаруа қожалығының төрағасы ­Балтабай Қошқаровтың 65 жасқа толған мерейтойында болдым. Сол сәтте аудандағы шаруа қожалық төрағалары бірлесіп, еңбек адамына лайықты құрмет көрсетіп, темір тұлпар мінгізді. Барлық жиылған жұрттың назарын аударған осы бір марапат аудандағы азаматтардың бір-бірін көтермелеп, еңбегін елеуі емес пе? Осындай да «болар елдің балалары бірін-бірі батыр дер» деген сөз ойға сап ете қалады екен. Рас. Қуандық! Бірақ ішімізде бір «әттеген-ай» қылп ете қалды.
Тәуелсіздік алып, ел тәубемен жақсылыққа бет бұрып келе жатқанына 30 жылдай уақыт өтті. Осы жылдар ішінде кешегі Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтар салып кеткен сүрлеуді жалғап, Сырдың маржанын қамбаға толтырып келе жатқан осындай азаматтарды көзі тірісінде ел болып марапаттап, Еңбек Ері деген атақты неге қазір де бермеске? Жыл ­сайын егін, мал шаруашылығын дамыту, өнімді көбейту мәселесін күн тәртібінен түсірмей келеміз. Олай болса еңбек өнімді болуы үшін, елеулі марапат керек емес пе? Күні-түні мал соңында жүрген шопан, жаз бойы атыз жағалаған диқан, әр саланың еңбегін еселеп, жоғарғы көрсеткіш көрсете білген маман нағыз Еңбек Ері деген атаққа лайық емес пе? Құлдан да бір ұсыныс болар демекші, менің ойымды құп көрген жан болса, елеусіз қалдырмас деп ойлаймын.

Әлияр Сейтов,
ардагер
05 желтоқсан 2022 ж. 441 0