Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен елеулі жан

Еңбегімен елеулі жан


Қоғамда ата-анасының тәрбиелі қызы, өз мамандығының шебері, сүйікті саласының саңлағы, жанұясының адал жары мен аяулы анасы, ағайын-туыстың инабатты қызы мен ибалы келіні, отбасының мейірімді енесі, әулетінің тату-тәтті абысыны мен ақылман әжесі атанып жүрген қазақ әйелдері қаншама. Ежелден келе жатқан Томирис, Айша Бибі, Домалақ Ана, Айғанымның үлгі-өнегесін көрсетіп, Сыр өңірі тарихында апаларымыз абыройды асқақтатты және де бүгінгі күнге дейін жарасымды жалғастыруда. Міне, сондай қыздардың бірі, ауданымызға абыройлы, білім саласында көп жылдар еңбек сіңірген, Шиелі аудан тарихының экономикалық, әлеуметтік, мәдени өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан, аудандық мәслихат депутаты – Нәйлә Палымбет.
Қашаннан мұсылман қауымда, оның ішінде қазақта құрмет-қошемет өзінің болмысымен, азаматтығымен әр түрлі салада ерен іскерлік көрсеткен, еңбегін сіңірген, үлгі-өнеге болған адамдарға лайық. Оларды марапаттаудың жолдары да әрқалай. Алайда, құрмет иесіне берілетін атақтар мен марапаттар адамның жасы мен еткен еңбегі, атқарған адал жұмысы, халыққа тигізген пайдасына қарай берілетіні анық. Бұл – адамның өсуіне де, ынталануы да азамат ретінде қалыптасуына да зор әсер етері хақ. Осы тұста ауданымызға іскерлігімен танылған, қай істе болса да белсенділігімен көзге түскен басшы, парасат пен ізгілік иесі, ардақты жан Нәйлә Әбілқасымқызы жаңа жыл қарсаңында ауданымыздың «Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Табиғатынан ерекше жаратылған әйел жандарға нәзіктікті, қайсарлықты, шыдамдылық пен іскерлікті тағы басқа ізгі қасиеттерді өлшеусіз берген. Елбасы Н.Назарбаев «Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген еді. Расында, әйелдер қай кезде де өздерін қоғамда білікті ұйымдастырушы, жігерлі күш иесі бола алатынын дәлелдеп келе жатқаны аян. Кейіпкеріміз өзінің саналы ғұмырын қоғам ісіне арнаған, іскер ұйымдастырушы, білікті маман. Еткен еңбек, маңдай тердің арқасында ол ҚР Президентінің «Құрмет грамотасымен», педагогтардың ең үздік марапаты «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталды.
Жоғарғы оқу орнын бітіре сала, өзінің бойындағы талант пен шеберлік, іскерлік пен ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде кез келген істе көзге түсіп, белсенділік танытты. Аудандық білім бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы, «Болашақ-Шиелі» ЖШС директоры қызметтерін атқарды. Ауданымыздағы ең іргелі өндіріс орны «Қазатом өнеркәсіп-Демеу» ЖШС «Демеу-Шиелі» филиалының директоры қызметінде де өзінің білікті басшы егендігін дәлелдеді. «Демеу-Шиелі» мекемесін басқарған тұста қызметкерлерінің шығармашылық пен жұмыс жасауына жағдай жасап, іздену мен жаңашылдыққа қолдау көрсетіп, айрықша көңіл бөлді. Өз ісінің білгірі атанған Нәйлә Әбілқасымқызы аудан әкімдігі жанынан құрылған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты болып сайланды.
Қазақ әйелі үшін әрине ең бастысы – жанұя. Қанша жұмысбасты болса да отбасына уақыт тауып жататын Нәйлә Палымбет жолдасы Асылбек екеуі ұл-қыз өсіріп, үш немере сүйіп отырған ардақты әже.
Шырайлы шаңырақтың ұйытқысы болған абзал ана, қадірменді әже ауданымызға абыройлы. Ұзақ жылдар бойы ұжымының мәртебесін марқайтып келген Нәйлә қазір де еңбектен қол үзген жоқ. Қызылорда қаласындағы «Сыр шуағы» балабақшасында меңгеруші болып жұмыс жасап жатыр.

Кенжетай ПАЛМАҒАНБЕТОВ,
ҚР білім беру саласының үздігі.
09 қаңтар 2019 ж. 1 773 0