Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек – бейнет емес, зейнет

Еңбек – бейнет емес, зейнет

Қай кезде болсын ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбегі ескерусіз қалмаған. Тіршіліктің тамыры еңбекте екенін ұққан халқымыз ­ертеден еңбек адамдарын ерекше бағалайды. Егінге екпін берген біздің ауданда да үлгі етер еңбек адамдары жетерлік. Солардың бірі, ауылшарушылығы саласының ардагері Жақсылық Әлиев биыл жетпістің желкеніне шығып отыр.
Сонау 1973 жылы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы ­институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша тәмамдаған Ж.Әлиев алғаш еңбек жолын өзі туып-өскен Авангард совхозында есепші болып бастайды. Кейіннен шаруашылықта агроном, бригадир қызметтерін атқарған ол 1980 жылы сол кездегі көршілес Гигант колхозына бас агроном болып тағайындалады. Адам баласын бір-бірінен жоғары ететін – таза еңбек. Маңдайдан тамшылаған әр тердің өтеуі адал ас екендігі мәлім. Бұл – айнымас қағида. Осы қағиданы берік ұстанған Жақсылық Әліұлы әр жылдары колхоз басқарма төрағасының орынбасары, басқарма председателі, «Авангард» күріш савхозының директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
Елде жаппай жекешелендіру науқаны жүріп жатқан тұста Ақмая ауылының әкімі болған Ж.Әлиев артынша Гигант ауылдық округінің әкімі болып, бір мүшелге жуық уақыт қызмет етті. Ал, 2010 жылдан зейнетке шыққанша аудандық ауылшаруашылығы саласын абыройлы басқарды.
Ел үшін еткен еңбектің ескерусіз қалмайтыны қашаннан белгілі. Жақсылық Әліұлы да өзі қызмет істеген жылдарында үздік ауыл әкімі, үздік агроном номинацияларымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, республикалық кәсіподақ ұйымының І, ІІ дәрежелі Еңбек даңқы белгісімен, ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдарымен, одан бөлек түрлі марапат, төсбелгілермен құрмет төрінен табылып, жүрген жан. Ол бүгінде Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
Арда азамат жетпіс жасты бағындырса да әлі күнге қызметтен қол үзіп қалған жоқ. Қазіргі уақытта Шиелі ауданы бойынша ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы қызметін атқарып келеді. Жуырда аудан әкімдігінде Жақсылық Әлиевті мерейлі жасымен арнайы құттықтаған «ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Толыбай Жүсіпов еңбек ардагеріне «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалін табыстады. Сондай-ақ, аудан басшысы Нариман Мақұлбеков ардагерге алғыс хат пен «Ы.Жақаевтың - 130 жылдығы» төсбелгісімен салтанатты түрде марапаттады.
Міне, еңбек майданында сүрініп көрмеген, бүгіліп көрмеген арда азаматтың еңбек жолындағы сапары осы. Біз осының барлығы еңбек әліппесін қарапайым жұмысшы ретінде бастағандықтан деп ұқтық.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
03 желтоқсан 2021 ж. 845 0