КӨҢІЛДЕН ШЫҚҚАН КҮЙ КЕШІ

Сайыстың басты мақсаты – ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы болп табылатын күй өнерін насихаттау және күйшілердің шығармашылығын, ұлы күйші, композитор Дәулеткерей Шығайұлының рухани мол мұрасын дәріптеу, жастардың дәстүрлі музыкаға деген қызығушылығын арттыру, күшілердің орындаушлық шеберлігін шыңдау және күй мұрасын келешек ұрпаққа аманаттау.
Күй кешін аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Сәрсенбайұлы алғы сөзімен ашып беріп, қатысушы жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Қазылар алқасының құрамында шертпе күйдің шебері, мәдениет майталманы, бірнеше күйдің авторы Батырхан Маханов, Бұдайбай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығы балалар бөлімінің әдіскері Роза Мизамбаева, аудандық өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Құралай Баймұрзаева болды.
Байқауға Қызылорда қаласы мен облысқа қарасты аудандардан 10 мен 14 жас аралығындағы қос ішекті домбыраны жанына серік еткен 7 өнерпаз қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Олар алғашқы кезеңде қазақтың аса көрнекті күйші-композиторы Дәулеткерей Шығайұлының 1 күйін орындаса, екінші кезеңде күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлының күйін тартты.
Күйдің киесін қастерлеп, өнердің өрісін кеңейтіп, Дәулеткерейдей дара тұлғаны дәріптейтін сайыстың қорытындысы бойынша бабы мен бағы қатар шапқан жас дарындар жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтар болсақ, жас күйшілер байқауында бас жүлдені Сырдария ауданы, Айдарлы ауылынан келген Дәулетхан Көзейбай оқ бойы оза шауып жеңіп алса, жүлделі І орынды Қазалы ауданы, Жаркент ауылдық мәдениет үйінің үйірме оқушысы Өркен Қойшыбай, ІІ орынды Жаңақорған ауданы, М.Нәлібаев ауылдық клубының оқушысы Жанарыс Өтеген лайық деп танылды. Ал жарыста көпшіліктің көзайымна айналып, күйдің құдіретін сезіндірген шиелілік Бекжан Нұрмаханов ІІІ орынды місе тұтты. Оның сахна төрінде өзін еркін ұстауы, әсіресе, Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Құрманғазының «Балбырауын» орындағанда халық ерексіз қошеметін соғып, жас дарынның өнеріне жоғары баға берді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша, саусағымен сөйлеп, шанағымен сыр шерткен дарынды жастардың өнеріне куә болдық. Ұлттық өнерді ұлықтаған өнерпаздарға ыстық ықыласымызды, құрметімізді білдірдық. Әр күй – бір тарих, әр өнерпаз – сол тарихтың жаршысы екеніне тағы да көз жеткізіп қайттық.
М.ИБРАГИМ