Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЙНҰРДЫҢ ӘЛЕМІ

АЙНҰРДЫҢ ӘЛЕМІ

Халқымыздың біртуар перзенті, Алаш арыстарының бірі Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген екен. Мамандықты дұрыс таңдай білген адам сол саланың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына талпынатын болады. Әр адам өз мамандығынан рухани күш алып, еңбектің рахатын көріп, атақ-абыройға кенеледі.
Қазір контент заманы. Желіде белсенді болсаң, сені бәрі таниды яғни танымалсың. Ақпаратты қолданушылардың көп болғаны сенің танымалдылығыңа оң әсер етеді.Тіпті желідегі парақшаң сенің түйіндемең секілді. Сондай желі белсендісі, мамандығын жан жүрегімен жақсы көретін, ерекше дауыс иесі, өзі биші, өзі тілші, үнемі көңілді жүретін «Мультяшканы» бүкіл Шиелі жастары таниды десем қателеспеймін. «Мультяшка» деген атпен желіде танылған Айнұр Ибрашеваны білмейтін шиеліліктер кемде-кем шығар.
Аудандық «Өскен өңір» газетінде тілші болып жұмыс істейтін Айнұр Мақсұтқызы жаңалыққа жаны құмар, ойы зерек, қиялы жүйрік жас маман. Қашан көрсең де, ауданның сүйіншілейтін жаңалықтарын бірінші болып желіге салатын, өзі де, дауысы да оқырманды баурап алатын тілші қыз.
Айнұр Мақсұтқызы – №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының түлегі. Мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап журналистикаға құштар, жазу-сызуға құмар бойжеткен қыз Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика мамандығы бойынша бітірген. Сахна әлемін жаны сүйеді. Қазіргі таңда «Өскен өңір» газетінің «oskenonir_news» ­инстаграм парақшасын тұрақты жүргізеді. Әрі өзі – ­мобиолограф, ғаламтордың бір сегментіне айналған SММ маманы десем де болады.
Айнұрдың тағы бір қыры – оның ерекше дауысы. Алғаш рет танысып, онымен сөйлескен адамға дауысы қызық әрі күлкілі болып көрінеді. Бірақ ол дауыс Алланың оған берген сыйы. Тіпті Айнұрдың дауысына қызыққан республикалық телеарналар түрлі бағдарламаға «Жақсы адамдарым», «Көреміз», т.б қонаққа шақырған.
Айнұрдың көңілге құрмет орнықтыратын тағы бір қасиеті өзін үнемі шығармашылық тұрғыдан жетілдіріп, дамытып, әрдайым жаңа қырынан көрсетуге ұмтылып жүрер ізденгіштігі. Азбайтын ақыл мен тозбайтын білім беретін кітаппен бала кезден дос болып өсті. Тіпті өзі балалар кітапханасының қуыршақ ­театрында жұмыс та істеді. Оның бала кездегі армандарының бірі актриса болу еді. Ол студент кезінде театрда түрлі қойылымға қатысып, өзінің ерекше дауысымен көрермен көзайымы да болған. Жалпы Айнұр әлемі — әдемі. Жан-жақтылығымен, биік талғамымен һәм қарапайымдылығымен, өрелі өнер үлгісімен әсерлі үнімен, өзгеден ерек соқпағымен әдемі. Иә, Айнұр әлемі сан қырлы. Өйткені ол бүгінгінің бар жаңалығын жанына дарытқан бойжеткен, ару.
Сондай-ақ өзі туып-өскен ауданның мәдени-тарихи, рухани өмірлері мен іс-шараларына да бір кісідей атсалысып, жариялап отырады. Қаламы қарымды, екпіні арынды, жазғандары жалынды Айнұрға үлкен шығармашылық өрлеу мен қыз баланың өмірдегі басты мақсаты – адал жар, аяулы ана болып, ақ босаға аттаған сүйкімді келін болуды тілейміз.

А.МОЛДАХМЕТҚЫЗЫ
29 маусым 2025 ж. 38 0