Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Таңдау жасау үшін танып білу керек

Таңдау жасау үшін танып білу керек

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі күнде елімізде білікті дәрігерлер, сәулет және инженерия саласы мамандары, шығармашылық дизайнерлер, күзетшілер, аспаздар мен бала күтушілер, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп саласы мамандары жеткіліксіз. Ал астрофизик, астроном сынды ғарыш саласы мамандары мен механик, картогроф, геодезист мамандығына еліміз аса зәру. Сонымен қатар күнделікті өмірімізде ауыл шаруашылығына қажетті мал дәрігерлері, агрономдар, өсімдіктерді қорғау мамандары, инженер-механиктер, инженер-электриктер, жерге орналастырушылар, зоотехниктер жетіспейтінін де көзіміз көріп жүр.
Бір қызығы бұл мамандықтар бойынша білім алғандардың дені өз саласында еңбек етуге де құлықсыз. Бұған себепті біріншіден жалақының аздығы болса, екіншіден жастардың дені ауылға барып, еңбек еткісі келмейді. Осылайша оқымады деген аттан алыс болып, балы төмен грантты ұтып алып, әупірімдеп білім алып, артынша дипломды сырлы сандықтың түбінде сақтап, басқа салаға бет бұрып жүргендер сан көбеймесе азаймай тұр. Ж.Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – дейді. Рас, жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған мамандықтың шебері бола алады, яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом ала салу емес, өмірлік жолыңды айқындау.
Бірақ кейбір ата-ана, туған-туыс оған мән бермей, жеткіншектің көңілі қаламаған мамандыққа еріксіз апарады. Оның нәтижесі қандай? Олардың бірі – оқудан шықса, бірі – қаламаған мамандығы бойынша ілініп-салынып жұмыс істеп жүреді.
Бұл үшін мамандар баланы жастайынан түрлі салалармен таныстырып, таңдауына құлақ асып, өзіндік пікірін қалыптастыру маңызды екенін айтады. Балаға таңдау жасатпаудың салдары «өз ісін» таба алмаушылар қатарын толықтырады. Бұл – үйде де, мектепте де, қоғамда да назарда ұсталуға тиісті қағида. Осы мақстатта Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасы мен білім бөлімі бірлесіп, мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Сәрсенбі күні Шиелі ауданының құрметті азаматы, аудандық кәсіпкерлер Кеңесінің төрағасы, «Шиелі Шұжық» ЖШС директоры Патима Маханбет, «Океан» бассейн, қонақ үй кешенінің иесі, аудандық кәсіпкерлер Кеңесінің мүшесі, «Бест Сервис LTD» ЖШС директоры Бекболат Қожақов, «Grand Damdi» мейрамханалар желісінің иесі, «Дауренбеков» ЖК директоры Дінмұхамед Дәуренбеков №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясы, №46 «А.С.Пушкин» атындағы мектеп-лицейі, №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектеп оқушыларымен тілдесті. «Мамандықты дұрыс таңдау – маңызды» атты кездесуді аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы жүргізді.
Бұл кездесу көп жастың көкірек көзін ашып, болашақ мамандығын жаңылыспай таңдауға бір қадам болса да оң ықпал еткені анық. Сол себепті аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлының айтуынша, осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын таппақ. «Бүгінде жоғары оқу орнын бітіргендердің 40,1 пайызы оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Себеп бала кәсіп таңдауда жаңылады. Мамандығын жаңылмай таңдауы үшін жеткіншек әр кәсіптің қыр-сырын игеруі тиіс. Сондықтан да біз аудандағы әр сала мамандарымен жастарымызды кездестіріп, олардың өмірлік жолдарын адаспай табуына титтей де болса ықпал етсек, біздің бір мақсатымыздың орындалғаны», – дейді ол.

Гүлнәр Дүйсебай
23 қазан 2023 ж. 244 0