Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МІНДЕТІ АУЫР, МАҢЫЗЫ ЗОР МАМАНДЫҚ

МІНДЕТІ АУЫР, МАҢЫЗЫ ЗОР МАМАНДЫҚ

Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзі, әлі де болса өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әр мамандықты асқан шеберлікпен иегеріп, терең білім мен тынымсыз еңбектің арқасында ғана еліңе ерен қызмет етіп, тер төге аласың. Бүгінде көзге көрінбейтін, бірақ атқарар жұмысы шаш етектен, жануарлар мен адамдардың денсаулығына қамқорлық жасап, күрделі жұмыстарды қалтқысыз атқарып келе жатқан маңызды салалардың бірі – ветеринария.

Бұл аталған сала еліміздің эпизоотиялық жағдайының саулығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі мақсатында, тұрақтылықты сақтау жолында аянбай қызмет етіп келеді. Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесіне толықтырулар енгізілетін Үкімет қаулысының жобасын дайындаған болатын. Нәтижесінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіби мерекелердің тізімін кеңейтіп, 10 шілде күні «Ветеринариялық қызметкер» күні болып бекітілді.
Осы орайда, жоспары ауқымды, жұмысы қарқынды Шиелі аудандық аумақтық инспекциясының мекемесіне бас сұққан болатынбыз. Мекемеде кәсіби біліктілігі бар жалпы 5 қызметкер жұмыс істеуде. Осыған дейінгі 6 айлық жұмыс көрсеткіші де жақсы нәтиже беріп отыр. Инспекция басшысы Бағдат Мінуарбекұлының айтуынша, 2024 жылдың 6 айлық қорытындысына сәйкес, ветеринариялық іс-шаралар бекітілген жоспар мен алдын ала егу жұмыстары 100 пайызға орындалған.
Ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу мақсатында, құс тұмауына қарсы 27000 бас, түйе 450 бас, уақ мал лептоспироз 40000 бас және Сібір жарасы ауруы бойынша ірі қара мал 60000 бас, ұсақ мал 88500 бас, жылқы 20000 басқа егу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, аймағымызда көп кездесетін қарасан, нодулярды дерматит, құтыру, аусыл сияқты қауіпті аурулары бойынша вакцинациялау қарқынды жүзеге асқан.
– Қазіргі таңда ауданда ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті аурулары бойынша өлім-жітім тіркелген жоқ. Эпизоотиялық ахуал тұрақты. Аурулардың алдын алу мақсатындағы егу жұмыстары, ауыл шарушылығы малын бірдейлендіру жұмысы дер кезінде орындалып, 6 ай көлеміндегі жұмыстар дерекқор жүйесіне енгізілді. Мал қозғалысына жергілікті полиция қызметкерлері мен аудандық аумақтық инспекция мамандары арнайы жоспарға сәйкес рейдтік жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылдың 6 айында ветеринария саласында әкімшілік құқық бұзғаны үшін 18 жеке тұлғаға хаттама толтырылып, 738 400 теңге көлемінде айыппұл салынды, – дейді мекеме басшысы Бағдат Дәуренбеков.
Шиелі аудандық аумақтық инспекция ұжымы бұқаралық ақпарат құралдары қызметімен де тығыз байланыста. Аудан айнасына айналған «Өскен өңір» газетіне жарнамалық, ғылыми-зерттеулік тақырыптары аясында өзекті мәселелерді қозғап, мақалалар жариялап келеді.
Әуелден қазақ халқы төрт түлік малды қажетіне жаратып, азық ретінде пайдаланған. Талай зұлмат жылдарда аша-тұяққа зар болған халқымыз қолдан келсе, асын адал ішкен, малын таза баққан. Итті жеті қазынаға қосса, мысыққа ағарған ұсынған. Қазақ халқының жан жануарға деген сый-құрметі оның тарихында, тұрмысында, болмысында сақталған. Сондықтан болар, мал дәрігері мамандығын меңгерген кез келген жас маман іс-тәжірибеде жүріп-ақ біраз жұмысты тәлімгерлерден бір көріп меңгеріп алады екен. Ел экономикасының іргелі бөлшегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуда ветеринария ісін қатар алып жүру аса маңызды. Бастысы, мал санының көптігі емес, оның сапасында болып отыр. Бүгінде ауданда бұл салада нағыз өз ісінің мамандары жұмыс істеп келеді. Түрлі ауру-сырқаудың алдын алып, қоршаған ортаны түрлі кеселден сақтау жолында бұл мекеменің еңбегі де орасан зор.

М.ИБРАГИМОВ
11 шілде 2024 ж. 131 0