МЕРЕЙІ БИІК МЕЙІРГЕР
Денсаулық сақтау саласы үлкен жүректі қажет ететіні анық. Себебі жаны қиналғанда дәрігер іздегендердің үмітін ақтап, қалың бұқараның сенімінен шығу – оңай шаруа емес. Десе де, қызығынан қиындығы көп мамандықты жүрек қалауымен таңдап, оның қыры мен сырына қаныққан жандар бүгінде жиған білімі мен білігінің нәтижесінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп, өз ісінің шыңынан көрініп-ақ жүр. Кез келген адам тірлігінде денсаулығына байланысты медицина маманының жәрдеміне жүгінеді. Сондайда жүрексінбей, науқастың әртүрлі жағдайында алғашқы көмек көрсетіп, қарайласатын жандардың бірі – қабылдау бөлімінің мейіргері Жұлдыз Тәшімбетова.
Біз көбіне ақ халаттылардың қызметтік формасына қызыққанымызбен, сол кіршіксіз ақ киімнің астарында не жатқанын ұға бермейміз. Көмек сұрап келген науқасты көруге жүрегіміз шыдамайтыны да рас. Ал бұл мамандық иелері әртүрлі жағдайға душар болған жандардың сұранысына күнделікті кезігіп отырады. Тіпті сол оқиғамен біте қайнасып, шипа іздегенге жұбаныш болып, қолдау көрсете ем-домын жасайды. Осы тұста дәрігерлердің сенімді серігіне айналған мейіргерлердің жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет ететінін айтпай кетуге болмас. Ақ желеңділердің емінің нәтиже беруі де, әуелі, сол мамандардың ұқыптылығына байланысты. Жұлдыз Алпысбайқызы елге етене жақын қызмет барысында науқастың күтімін бақылап, оған ықыласпен жағдай жасаудың жауапкершілігі де, маңызы да зор екенін айтады.
– Қабылдау бөліміне адамдар әртүрлі сұраныспен келеді. Бұл оқыс жағдай болуы да мүмкін. Сондай сәтте оларға алғашқы көмек көрсетуге асығамыз. Мейіргерлер ісінің жауаптылығы да осында жатыр. Дәрігерлер берген тапсырманы орындап, қолымыздан келгенше жәрдем етіп, халықтың алғысын алу – біздің негізгі міндетіміз. Адамдардың өмірін құтқару маңдайға жазылса, бұл беделіңнің де жоғарылағанын көрсетеді, – дейді мейірімді мейіргер.
Жұмысына шеберлік пен білімін ұштастырған Жұлдыз Тәшімбетова – Шиелі ауданы Алмалы ауылының тумасы. Мерейлі мамандық – медицина саласында 2013 жылдан бері қызмет етіп келеді. Мақсатшыл жас Түркістан медициналық колледжін тәмамдаған соң, адам жанына араша болу бағытын таңдаған болатын. Қызмет жолын Шиелі аудандық емханасына қарасты «Алмалы» дәрігерлік амбулаториясында бастаған ол субординатор, күндізгі стационар субординаторы және аға аяжаны ісін жауапкершілікпен атқарды. Денсаулық сақшысы ретінде бас мейіргер қызметін де қатар алып жүрді. Бүгінде Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының қабылдау бөлімінде мейіргер болып еңбек етуде. Қадірлі де қажет мамандықтың бірегейін таңдаған Жұлдыз Алпысбайқызы медицина саласында білім алып, жұмыс жолы дәл осы арнаға бұрылғанына еш өкінбейді. Өз ісіне деген үлкен махаббаты оны қуанышқа кенелтіп, аудан жұртының құрметіне бөлеп жүр.
Жұлдыз Тәшімбетова – бүгінде бір қыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Қызы да ана жолын қуып, медицина саласында білімін жетілдіруде.
Түрлі дертпен күрескен абзал жан қастерлі мамандық жолында сіңірген еңбегі үшін аудан әкімінің, аурухананың бас дәрігерінің алғыс хаттарына ие болған. Сөзсіз, жүгі ауыр салада тік тұра қызмет етіп, мейірімділіктің символына айналған мейіргерлер ісі қашан да сый-құрметке лайық.
Денсаулық сақтау ісінің ажырамас бөлігіне айналған мейіргер маман қазірде мінсіз міндетін жалғастырып, алдына келген емделушіге демеу беріп, дертінен айығуына жәрдемші болып келеді.
Таслима ӘЛІШЕР