Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандық таңдау – маңызды қадам

Мамандық таңдау – маңызды қадам

Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадамдарының бірі болып саналады. Халқымызда «Адам өмірге келгеннен кейін екі нәрседен жаңылыспау керек: біріншісі – мамандық таңдау, екіншісі – жар таңдау» деп бекер айтпаса керек. Оның ішінде мамандық таңдау, яғни, кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Бұл – өте жауапты және маңызды іс.
Жуырда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен «Оқуға құштар ұлан» жобасы аясында Шиелі ауданы, Алғабас ауылы Б.Пәрімбетов атындағы №157 орта мектептің тәлімгерлері Фариза Кенжешова мен ­Жазира Дүрманбетованың ұйымдастыруымен 9-сынып оқушылары арасында мамандық таңдауға қатысты кездесу өтті. Аталған кездесуге өз мамандықтарын мақтаныш санайтын сала мамандары келді. Атап айтар болсақ, аудандық ата басылым «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары Гүлнар Дүйсебай, Алғабас ауылының мәдениет үйінің әншісі, үйірме жетекшісі Айнұр Ысқақова, Алғабас ауылдық амбулаториясының аға мейіргері Жадыра Аппазбаева келіп, өз мамандықтары жайлы сыр шертіп, оқушылармен ой бөлісті. Тіпті, мамандығының қыры мен сырын бүкпесіз ақтарып, оқушылармен ерекше сыр сұқбат құрды. Сондай-ақ, оқушылар қызығушылықтары бойынша түрлі сұрақтар қойды.
– Мамандық ол сіздің болашағыңыз, табысыңыз, өміріңіз. Бұл жөнінде Жүсіпбек Аймауытовтың мынадай сөзі бар. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе». Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған кәсіптің шебері бола алады. Яғни, мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом алу емес, өмірлік жолыңды айқындау. Сондықтан, болашақтарыңды айқындау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал болмақ. Сол үшін осы бастан дұрыс бағытты таңдап, лайықты маман болудың жолын қарастыру керексіздер, – деді Г.Дүйсебай.
Айта кетейік, іс-шара соңында, мектеп әкімшілігі атынан кездесуге арнайы келген мамандық майталмандарына алғыс хат табыстап, рақмет айтып, биік белестерден көрінулеріне тілек білдірді.

Ш.Тілеубаев
10 желтоқсан 2021 ж. 937 0