Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандық таңдау – болашақты таңдау

Мамандық таңдау – болашақты таңдау


Мамандық таңдау мектеп қабырғасынан басталады. Дана Абай:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!» – дегендей, өмірден өз орныңды тауып, елге қажетті кәсіп иесі болу – кез келген азаматтың арманы.

Мамандық таңдаудың оңай еместігін, мамандықты тіпті, темпераментке сай таңдау керектігін де білеміз. Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүргендер қаншама?! Сондай-ақ, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтіндердің де саны аз емес. Сондықтан да жас талапкерлерге мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өмірінің бір кірпішін дұрыс қалауына үлес қосу мақсатында «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Мамандық таңдау – болашақты таңдау» атты облыстық семинар тренинг болып өтті.
Семинарға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің оқытушы ұстаздары, «Мұнай газ инженерингі» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор П.Таңжарықов, «Аграрлы» технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты С.Аханов, аталған оқу орнынның тәрбие және мәдени көпшілік жұмыстарын үйлестіру бөлімінің басшысы, психолог-тренер, педагогика ғылымдарының магистрі Н.Аймахановалар қатысты.
Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті ерекше мәртебесі бар Қазақстанның жетекші университеттерінің біріне айналды. Бұл оқу орны – жоғары кәсіби оқу орны болумен қатар, білім мен ғылымды инновациялық дамытудың көшбасшысы.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана табысқа жете алатынын қаперден шығармаған абзал» деген нақыл сөзі кәсіби білікті мамандық таңдаудың бастау көзі екені сөзсіз. Семинар тренингте әр сала мамандары өз мамандықтарының қыр-сырын қатысушыларға баяндап, мамандық таңдауда қателеспеуге шақырды. Мамандық таңдау жас жеткіншектер үшін өте маңызды екенін айтып, жастарға бағыт-бағдар беруде бүгінгі шараның берері мол екеніне тоқталды.
Өз кезегінде оқушылар қонақтарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, түрлі мамандық туралы қажетті мәліметтер алды. Осылайша, бұл басқосудың жастарға яғни жаңа өмірге қадам басқалы отырған түлектерімізге болашақ мамандықтарын таңдауда маңызы зор болды.

Бекжан ЕРЖІГІТ.
02 ақпан 2019 ж. 3 133 0