Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандық таңдау–маңызды іс

Мамандық таңдау–маңызды іс


Қазір мектеп түлектері ҰБТ сынағын тапсыруға сақадай сай тұр. Әні-міні дегенше ол да өтеді. Тест қорытындысы шыққан соң оқу орны мен мамандық таңдау қызу талқыға түсері анық. Біздің бүгінгі әңгімеміз мамандық таңдауды ойланып жүрген түлектерге ғана емес, жұмысы бар маман иелерінің басқа саланы көздеп жүрсе, соларға да қатысты. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек, бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек.

Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды шешім. Сондықтан бұл іске келгенде ескеруді қажет ететін бір қағида бар. Ол – таңдау білдіріп отырған мамандықтың болашағына зерттеу жүргізу. Айталық, келешекте елімізде халыққа қызмет көрсету орталықтары болмауы мүмкін. Өйткені, қазір тұрғындардың www.egov.kz порталына тіркеліп, өздеріне қажетті құжаттарға үйден шықпай-ақ қол жеткізуіне жағдай жасалған. Сондықтан мүмкіндігінше зерттеп, зерделеген дұрыс. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев бұл туралы бір сөзінде: «Болашақта мүлдем жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Роботтар жұмыс істей бастайды. Қазір ғылым гендік инженерия мен биология саласын дамыту үшін жұмыс істеуде. Әзірге барлық компьютерлер адам миын алмастыра алмайды. Бірақ, жасанды интеллект бар. Барлық қиын жұмысты компьютерлер мен роботтар атқарады. Біздің мамандық туралы түсініктеріміз өзгереді. Сондықтан біз қаласақ та, қаламасақ та жұмыс орындары қысқара бас­тайды» деген еді. Ғалымдардың айтуынша, алдағы он жылдықта жойылатын мамандықтардың қатарында кітапханашылар, билет сатушылар мен тігіншілер де бар. Олардың орнын жаңа мамандар алмастырады.

Қандай мамандық сұранысқа ие?
Мәселен, бүгінгі жол құрылысшыларының орнын «ақылды жол жөндеушілер» толықтыра түседі. Ғарышқа баратын жолды ретке келтіретін мамандар да пайда болады. Ғарыш туризмі дамып, қоғамда «космостық туризм менеджері» қызмет атқарады. Ол аз десеңіз, ортамызға роботтарды қашықтықтан басқарып отыратын нейроинтерфейстер келеді. Робот техникасының қыр-сырын жетік білетін бағдарламашыларға сұраныстың бірнеше есеге артатынына күмәніміз жоқ. Оған еліміздегі мектептерде қазірден бастап дайындық шаралары жүргізілуде. Робототехника үйірмелері ашылып, оқушылар робот құрастырумен қатар инженерия саласын да меңгеруде. Сонымен қатар қазір сауда-саттықтың жүріп тұрған заманы болғандықтан, көптеген мамандық осының төңірегінде деуге болады. Агенттер мен менеджер мамандықтары сұранысқа ие десек, артық айтпаймыз. Мысалы, коммерциялық агент, жарнамалық агент, туристік агент, финанстық менеджер, сауда-саттық менеджері, жоба менеджері, кеңсе менеджері, тағы басқа мамандық иелері.
Ал медицина саласында іштегі баланың ауруын­ анықтап, оны өмірге келмей жатып емдеумен айналысатын дәрігерлер пайда болмақ. Жалпы түсінгеніміз, енді мамандарға өз саласын жақсы игеру аздық етеді, бұдан былай олардың жан-жақтылық қабілеттері де сарапқа салынады.
Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес. Мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалауыңызға тілектеспіз. Өз ісін, кәсібін шексіз сүйетін адамнан түбінде жақсы маман шығады. Жоғарыда атап өткен салаларда сізге де өз күшіңізді байқап көрер кез келер. Сол себепті оған қазірден бастап дайындалғаныңыз жөн екенін айтқымыз келеді.

Жұлдызай Ноғайбайқызы

24 маусым 2019 ж. 4 060 0