Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КІТАПХАНА – АДАМЗАТТЫҢ РУХАНИ АЗЫҒЫ

КІТАПХАНА – АДАМЗАТТЫҢ РУХАНИ АЗЫҒЫ

Жақсы кітап – жан азығы. Кітапхана – ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей келе жатқан, шырағы биік, парасаттылықтың киелі ордасы. Адамға рухани байлық сыйлап, ғылым мен білімнің терең сырынан сусындатар мәдени орын. 
Кітапхана – оқырманмен кітап арасындағы алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беріп, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – ол әрине кітапханашылар. Бүгінде аудан бойынша 32 кітапхана өз оқырмандарына сапалы қызмет ұсынып келеді. Олардың ішінде орталық және балалар кітапханасы, 4 қалалық, 26 ауылдық кітапхана бар. Қазіргі уақытта аудандық орталық кітапханада 64 мыңнан аса кітап қоры бар. Оның жартысына жуығы қазақ тіліндегі кітаптар. Биыл 70 шақты жаңа кітап толықтырылған. Кітапхананың 4661 тұрақты оқырманы бар. Ал жыл басынан жалпы келушілер саны 30 мыңнан асқан. Сондай-ақ 87047 кітап оқуға беріліпті. Қазір кітапхана оқырманға кітап ұсынып, оны қайта қабылдап алатын орын ғана емес. Заман талабына сай кітапхана қызметі де түрленіп келеді. Мемлекет басшысы да жолдауында дәстүрлі кітапхана қызметіне серпін беру керек екенін айтып жүр. Кітап оқу мәдениетін қайта жаңғырту және адамдардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру мен бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында түрлі жобалар ұйымдастырылады. Соның бірі – жылжымалы кітапхана. Кітапханаға баруға мүмкіндігі жоқ оқырмандардың жұмыс орындарына, сауда орталықтарына барып кітапханалық қызмет көрсетіледі. «Кітапхана такси» жобасы аясында жолаушылар межелі жерге тегін жеткізіледі. Кітапханалар жанындарғы 15 коворкинг орталығы да өз оқырмандарына сапалы қызмет көрсетуден жалыққан емес. Балалар кітапханасындағы «Еркетай» қуыршақ театры түрлі қойылымдарымен бүлдіршіндерді үнемі қуантып келеді. Одан бөлек орталық кітапхана жанынан «Әлем – BOOK», «Қаламгер» жастар клубы жүйелі жұмыс жасайды. – Ауданда 120-дан астам зағип және көзі нашар көретін жан бар. Оларға сапалы қызмет көрсету, әлеуметтік өмірге бейімделуіне жағдай жасап, рухани байлығын молайтуға үлес қосу мақсатында аудандық бюджеттен 3 млн 100 мың теңгелік жобаны қорғап шықтық. Нәтижесінде орталық кітапхананың жанынан «Жанарсызда жарық әлем» клубы ашылды. Қаралған қаржыға Брайль қарпіндегі әдеби кітаптар мен арнайы технологиялар – электронды стационарлық үлткейткіш, «Перкинс Смарт» механикалық жазба машинкасы, арнайы дыбыс магнитоласы алынды, – дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Жақыпова. Қасиетті қазынаны көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажетті, абыройлы мамандық иелері. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Бүгінде аудан бойынша 57 кітапханашы жұмыс жасайды. Ал жалпы кітап қоры 548544 дана болса, оның 361 мыңнан астамы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Кітапхана өмірі – сырт көзге біліне бермейтін, көп байқала қоймайтын ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір. Сол өмірге бойлап, дендеп енген адам ғана бұл шаңырақтың қасиеттілігін, кітапханашы мамандығының қыры мен сырын аңғара алмақ. 
Гүлхан ЯХИЯ
28 қазан 2024 ж. 108 0