КІТАП ОҚЫ ДА, ТРЕНДТЕ БОЛ

Аудандық кітапхана қызметкерлері оқушылардың кітапқа құштар екендігін, олардың үнемі кітапханадан кітап алып, оқитындығын мақтанышпен тілге тиек етті. Шара барысында сұрақ-жауап, ассоциаграмма, «Бір сәттік кездесу», « Мен оқитын кітаптар» кезеңдері бойынша жас оқырмандардың білімдері сыналды. Нәтижесінде «Кітап оқы да, трендте бол» атты бенефисінің жас оқырмандары 5 «Ә» сынып оқушылары Ілияс Дүйсенбек пен Каусар Қаһарқызы жүлделі І орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді Ғабит Мүсірепов. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп ұлы ақын Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.
А.Асанов