Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРТЫҚ БІЛІМ КІТАПТА

АРТЫҚ БІЛІМ КІТАПТА



«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген еді Ғабит Мүсірепов. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.
«Кітап маған тақтан да қымбат», – деп көрсеткен Шекспир. Бұл сөзден түйер ойымыз, адамға жан азығы, рухани байлығы бола білген – кітап. Cол себепті оның орны тақтан да жоғары. «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол», – дейді Баус. Кітап – сенің асып-таспайтын асыл досың. Әр ұлттың, елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де - кітап болатын. Сондықтан да, «кітап әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі», – дейді Горький.
Кітапханалар тарихына бір ауыз тоқтала кетпесек жарамас, сірә. Бай кітапханалардың алғашқы тізімін бас­тап тұрған – Александрия. Атағы жер жарған Александрия кітапханасы – көненің көзі, әрі антикалық мифтердің ғылыми және мәдени орталығы саналады. Б.з.б 3 ғасырдың бас кезінде Александрияда көрнекті ғалымдардың қатысуымен Птоломей әулетінің алғашқы екі патшасы негізін қалаған. Алғашқы кездері Египетте кітапханалар ғибадатханаларда салынған және оларға абыздар қарауылдайтын болған. Ол кездері кітаптардың пішіні орам тәрізді болған және папирустардан жасалынған деседі. Өз заманында Александрия ең алып кітапхана саналды. Моңғол билігіне дейінгі Отырарда ірі кітапхана орналасқан. Фарабтағы (Отырар) кітапхананың негізін қалаушы ретінде ғалым әрі философ әл-Фараби қарастырылады. XII ғасырдың соңындағы кітап жинақтардың қараушысы Сунақ руынан шыққан Хисамуддин делінеді. Кітапхана ауқымы жағынан тек Александрия кітапханасына жол береді. Отырар Шыңғысхан жорықтарынан кейін жер бетінен тып-типыл етілді, ал кітапхананың кейінгі тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.
Ал, бүгінгі күнге ақжолтай ақпардың бірі – әлемдік деңгейдегі оқулықтардың аудармасы. Мемлекет басшысы «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алуды тапсырды. Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау – алдағы бірнеше жылдың үдесіндегі мақсат-міндет болып табылады. Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – болашаққа жасалатын ең басты бағдар. Сондықтан, әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тілінде сөйлету әрине, құптарлық дүние. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалмақ. Бірер жылдан соң ауқымды жоба өз жемісін бере бастайды. Елбасының өзі алғашқы 18 кітаптың таныстырылымында болғаны белгілі. Таныстырылым барысында ел болашағы – жастарға жасалған зор мүмкіндікке тоқталды. «Әлемнің белді оқу орындарында қолжетімді әлем авторларының кітаптарын енді ел жас­тары өз тілінде оқитын болады», – деді Президент.
Міне, осы жастардың білім көкжиегін кеңейту мақсатында толағай ақын, толас­тамас жыр иесі – Ә.Тәжібаев атындағы ауылда мектеп кітапханашыларының аудан­дық семинары болып өтті. Аудан­дық білім бөлімінің әдіскері Жанат Ысқақова кітапхана жұмысындағы заманауи әдіс-тәсілдердің тиімділігіне тоқталды. «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», – деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмыт­пайық.

Бақытжан МӘДЕНОВ.
24 сәуір 2018 ж. 4 051 0