Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесіндей

Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесіндей


Кітап таңдап талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. Сондықтан, тәлім-тәрбиесі бар, тарихпен ұштаса бейнеленген, бір реттік оқудан кейін қайта оқуға азғыратын кітаптарға зер салып, жан-дүниемізді рухани құндылықтармен жаңғыртуымыз керек-ақ.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал, білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» – деген еді Ғабит Мүсірепов. Алайда, «Цифрлы Қазақстан», «компютер билеген заманда барлығын технология басқарады» деген сынды әңгімелерді арқау етіп, кітапханаға бас сұғудан алшақтап бара жатқанымыз аян. Десек те, кітап сүйер жандардың қатары сиреді деген әңгіме емес бұл. Өйткені көзіміз көріп, құлақ естіп жүрген адамдардың жата жастана кітап оқып жатқанына куә болып келеміз. Сол жандармен тілдескенде жаның рахаттанып, сөздік қорың молайып, ерекше әсер аласың. Қызығасың.
Кітапқа деген құштарлық оянып, қандай еңбектерді оқу керек деген ойға шомдық. Тарихтың тереңіне сүңгіп, тау мен тасындағы сырды білу үшін Т.Жұртбайдың «Дулыға», І.Есенберлиннің «Көшпенділер» атты еңбегінен бастағанды жөн көрдік. Өткенді білмей болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Ал, ыстық сезімге бойлап, махаббатқа масайрағанды қаласаңыз Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» қайтара оқи берсеңіз болады. Әр қайталауыңызда түрлі сезімге бөленіп, қайта оқуға ынтығасыз. Кішкентай ғана жүрек лүпілін емін-еркін бар бояуымен төгілтіп түсірген осы сынды кітаптар магнит секілді тартып тұрады. Ал, өз ұстанымыңыз бен көзқарасыңызды өзгертуді көздесеңіз Әл-Машани мен Әл-Суратидің философиялық еңбектеріне назар аударуға болады. Сондай-ақ, қиял-ғажайыпқа, ертегі әлеміне ерекше сән беріп, оқыған адамның миын арбайтын орыс жазушысы А.Бектің еңбектерін де ескере кеткенді жөн көріп отырмыз.
Адам баласы болдым-толдым демеуі керек. Тек қазақ әдебиетімен шектелу бір аудан көлемін айналшықтап жүргендей көрінеді. Ой өрісті кеңейтіп, адам бойындағы асыл қазыналарды шығаратын кітап десек, шет ел әдебиеті сол қазынаның бір бөлшегі. Белгілі Л.Толстойдың «Таңдамалы шығармалары», өзбек жазушысы А.Қадыровтың «Жұлдызды түндері» мен араб елінің «Мың бір түніне» саяхат жасасаңыз тарихты да, ежелгі медицина мен астрономиялық пайымдарды да көз алдыңызға әкеледі. Талпынып, талаптанған адамға бәрі де дайын. Елбасы Н.Назарбаевтың бастауымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынып, көптеген шет ел әдебиеттері қазақ тіліне аударылып жатқандығы да мәлім. Осы арада анықтама үшін айта кетейік, Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ, бірқатар Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, ғылыми ортаға бұрын белгісіз болып келген Қазақстанның тарихы, этнографиясы, өнері туралы бес мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары табылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында 230 кітап жарық көрді, арасында тарих, археология, этнография жөніндегі аса құнды сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер бар. Мысалы, “Бабалар сөзі” сериясы жүздеген жылдар бойы жасалған қазақ халқының бай ауыз әдебиетін жинақтауға мүмкіндік берсе, “Қазақтың ата заңдары” жинағы қазақ халқының құқықтық санасының даму тарихын ашып көрсетеді.
Кітап – ақылды қуаттандыратын құрал. Сондықтан, ақылыңыздың қуатын әлсіретпей, жиі кітап оқып тұрыңыздар.

Гүлнәр Дүйсебай.
04 қаңтар 2018 ж. 4 731 0