Редакцияның жедел жәрдемі

Бүгінде 85 жылдық шежірелі тарихы бар басылым беттерінде береке дарып, құт қонған, қазыналы өлкенің шежіресі түзілді, еңбек көрігін қыздырған адамдардың жасампаздық бейнесі жасалды, елдіктің, бірліктің биік мұраты насихатталды, ең бастысы – оның қасиетті төрінде талай жақсылар мен жайсаңдардың табандарының ізі қалды, қаламдарының ұшы шыңдалды.
Кейіпкеріміз 85 жылдық тарихы бар басылымның табалдырығынан бойжеткен кезінде аттап, редакцияның «отымен кіріп, күлімен шығып», небір қиын сәттерде еш мойымаған «Өскен өңір» газетінің қызметкері, баспасөз маманы – Күләш Мырзаева.
Күләш апай – Ақмая ауылының тумасы. Сан ұлтқа сая болған Ақмая ауылынан 16 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Қиындыққа қарамай қара жерден нәпақасын айырған осы еңбекші халықтың егін егудің алдыңғы қатарында болғаны рас. Біздің кейіпкеріміз — Күләш апай да жастайынан еңбекке ерте араласты. Анасының қасында жүріп, колхоздың егін шаруашылығында жұмыс істеді.
Аудандық газетке бойжеткен шағында жұмысқа қабылданып, осы мекемеде 30 жыл бойы үздіксіз қызмет жасап келеді. Күләш апай редакцияның берекесі, ұйытқысы десек артық емес. Шығармашылық ұжымның ыстығына да, суығына да төзе білді.
Алғашқы еңбек жолын мақала теруден бастап, хат тіркеуші, хатшы-машинист, есепшінің көмекшісі, жарнама бөлімінің меңгерушісі, бас маман, баспасөз маманы қызметтеріне дейін көтерілді. Қандай жұмыс болса да, қиындықтан қашпайтын, қайта ширығып, шыңдала түсетін. Жұмысын адал атқарып, жауапкершілігін терең сезінетін. Ашық жарқын, көпшіл мінезінің арқасында ұжымның ыстық ықыласына бөленді.
Газет «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне енген тұста тарату бөлімі ашылып, Күләш Мырзаева сол бөлімге баспасөз маманы болып ауысты. Газет – халыққа білім таратса, сол газетті оқырманның қолына уақытылы баруын, жеткізілуін қадағалап отыратын – баспасөз маманы. Баспасөзге жазылу науқанында оқырман санының артуына да өз үлесін қосып келеді. Барлық мекеме, бөлім, кент және ауылдық округ мамандары жылына 2 рет Күләш апайдың алдынан өтіп, сәлем беретіні бар.
Аудандық газеттің 3-беті жарнамалық қызмет көрсетеді. Яғни үгіт-насихаттық және жарнамалық, ақпараттық материалдарды орналастыру бөлімінде де ұзақ жыл қызмет атқарды. «Жарнама» бөлімінде ақылы материалдарды сауатты қарап, нөмірге дайындайды. Ол да – жауапты қызмет. Газет болған соң қате кездеседі. Сол келген материалдарды мұқият қарап, қатесін түзеу – бәрі Күләш апайдың жұмысы. Әсіресе, жарнамадан түскен ақшаны ай сайын, қажетті жерге аударып, есебін беру де – қиынның қиыны. Тіпті кей кездері қаржыдан қысылған кездерімізде Күләш апай біздің жедел жәрдеміміз болатын.
Айта берсек, редакцияның кез келген ішкі-сыртқы жұмыстарының бәріне де тосқауыл болатын біздің Күләш апайымыз. Қашанда қазақы қонақжайлығы өз алдына, кабинетіне қашан барсаңыз да, дастарқаны жиылмай, құрт пен кәмпитін, айранын ұсынып отырады.
«Өскен өңірде» «редакцияның шайы» дейтін шағын отырыс болатын. Әңгіме шертіп, жұмысты жоспарлай отырып ішілетін шайдың дәмі де, мәні де бөлек. Осы шайды ұйымдастыратын да өзі. Ауырған, жабырқаған әріптестерінің жеке басындағы мәселеге де Күләш апайымыз алаңдаушылық білдіріп, қолынан келгенше қолдау білдіретін. Ал қуаныштарына шын көңілмен ортақтасып, қосыла қуанатын. Кейде жастарға тіке сөйлеп, әділін айтатын мінезі бізге үлкен мотивация береді. Оған еш ренжімейтінбіз. Күләш апай бізге туған апамыздай, ақылшы ұстазымыздай, сырлас досымыздай болды. Сонан да бір-бірімізбен етжақындай араласып, небір қызықты, қуанышты, ренішті сәттерді бірге бөлісіп, бірге өткіздік.
Апай отырған орта әзіл-қалжыңсыз болмайды. Әңгіме арасында небір теңеулері, сипаттаулары мен салыстыруы езуіңді жиғызбай, күлкіге қарқ қылатыны бар. Тіпті апайдың журналистердің құқығын қорғау керек жерде, бетің бар, жүзің бар демей, батыл айтатынын ерекше атап өткім келеді. Шындықты шырылдап жеткізетін қасиеті үшін апайды құрметтейміз, сыйлаймыз.
Күләш апаймен бірге он жылдай әріптес болып жұмыс істедім. Қиындығы мен қызығы қатар өрілген, редакциядағы жылдарды еске түсірсем, Күләш апайдың айтқан сан алуан әңгімелері әлі есімде. Негізі ол кісіні өзгелерден ерекшелейтін ең бірінші қасиеті – сөзге ұсталығы. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, бізді апайға жақын еткен де осы сөз өнері болуы керек.
«Терек бір жерде көктейді» демекші, Күләш апайымыздың еңбек кітапшасында тек бір ғана жұмыс орны, яғни «Өскен өңір» газеті жазылатыны анық. Бұйырса апайымыз келесі жылы зейнет жасқа толады. Мереке қарсаңында кең пейілді Күләш апайдың еңбегін ел білсін деген ниетпен, ел кәдесіне жарап жүре беріңіз, оқырманымыз бен таралымымыз әрдайым арта берсін деймін!
А.НАЗАРОВА