Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨҢІРДІҢ ҮНІ – «ӨСКЕН ӨҢІР»

ӨҢІРДІҢ ҮНІ – «ӨСКЕН ӨҢІР»

Кейбір басылымдар тарихтың бетінде қалса, кейбірі – халықтың жүрегінде сақталады. Ал «Өскен өңір» – осы екі қасиетті де бойына дарытқан абыз басылым. Ардақты атауы мен айтары бар аудандық газетке биыл 86 жыл толып отыр. Бұл – жай ғана цифр емес. Бұл – бірнеше буынның маңдай тері мен елге деген шексіз сүйіспеншілігін бойына жинаған шежірелі жылдар жолы.
1939 жылдың 19 наурызында жарық көрген «Стахановшы» газеті – бүгінде «Өскен өңір» деген атпен елдің сөзін сөйлеп, мұңын бөлісіп, шаттығын жырлап келе жатқан рухани серіктестің бастауы еді. Латын қарпінде, небәрі 1000 данамен жарық көрген сол алғашқы нөмір – Шиелі жұртының қуанышына айналды. Уақыт өте келе елдің үніне айналған басылымның аты өзгерсе де, айтар ойы, ұстанған ұстанымы өзгерген жоқ. Қашанда халықпен бірге болды, халық үшін қызмет етті.

ГАЗЕТ – ДӘУІР АЙНАСЫ
Баспасөз – қоғамның рухани өзегі, ұлттың үні. «Өскен өңір» газетінің әр парағы – бір дәуірдің дауысы. Бұл басылым ел ішіндегі елеулі өзгерістер мен тарихи сәттердің куәсі ғана емес, бел ортасында жүрген, соны жазып, халыққа жеткізген тілші қауымның тынымсыз еңбегінің жемісі.
Газеттің алғашқы редакторы Мәді Молдыстамовтан бастап, кейінгі жылдары ел ішінде аты құрметпен аталатын О.Нұрхабаев, Б.Уызбаев, О.Шілдебаев сынды сөз саңлақтары үнжарияны өркендетуге үлес қосты. Ауыл мен қаланы жалғаған, ел ішіндегі шындықты шымыр мақалалармен жеткізген бұл тұлғалар – нағыз ақпарат майданының майталмандары. Уақыт өте келе О.Нұрхабаев, Б.Уызбаев, О.Шілдебаев, Ж.Шөкенов, М.Шәменов, А.Сопыбеков, Ж.Сатыбалдиев, М.Арысбаев, Қ.Әбенов, Р.Нұрекеев, Ж.Шәукебаев, Д.Смайылов, З.Жайлыбай сияқты редакторлар газеттің тынысын кеңейтіп, мазмұнын байыта түсті. Ал Алтай Айыптай ел ағасының елдік мүддені қорғаудағы рөлі – бір мектеп дерсің. Әрбір мақала – тұтас бір қоғамның тамыр соғысын сезіндірді.

АТАУЫ ӨЗГЕРСЕ ДЕ, АМАНАТ ӨЗГЕРМЕГЕН
Газеттің атауы үш рет өзгерді. «Стахановшыдан» кейін ол «Коммунизм жолы» атанды. Содан соң «Өскен өңір» деген атқа ие болды. Атау жаңарғанмен, оның өзегі, елге қызмет ету миссиясы өзгермеді. Бұл – ақпарат таратып қана қоймай, ел билік арасындағы алтын көпір бола алған ұлт үнжариясының іргелі жолы.

ЖАҢА ДӘУІРДЕГІ ЖАҢА СЕРПІН
«Халыққа қызмет – абыройлы міндет». Осы бір қарапайым ғана сөз «Өскен өңір» ұжымының өмірлік қағидасы іспетті. Газеттің әрбір беті – сын мен ұсынысқа, ел ішінде қордаланған мәселеге үн қату мен билікке ой тастауға толы. Бір қарағанда күнделікті ақпарат дерсіз. Бірақ оның артында жүйелі ой, салмақты сараптама, жүректен шыққан жанашырлық тұнып тұр.
Қазір заман өзгерді. Қағазға қарап отырған оқырман да бар. Жаңалықты желіден күтетін буын да өсіп келеді. Осыны ескерген «Өскен өңірдің» редакциясы да өз даму жолын цифрлы бағытпен жалғастырып келеді. Электронды нұсқасы іске қосылып, әлеуметтік желілерде де белсенділік артты. Әсіресе Instagram парақшасында 20 мыңға жуық оқырман күнделікті ақпаратпен сусындап отыр. Бұл – газетке деген сенімнің, ілтипаттың айқын дәлелі.

БАСЫЛЫМ – ТӘРБИЕ МЕКТЕБІ
«Өскен өңір» – жай ғана басылым емес, нағыз шығармашылық шеберхана. Бұл жерден түлеп ұшқан талай талант бүгінде республикалық басылымдарда, телерадиода, мемлекеттік қызметте абыроймен еңбек етуде. Айнагүл Өрікбайқызы, Бибізада Бегімбетова, Сәуле Алдажұманова сынды жанкешті жандардың ұзақ жылғы еңбегі – газет тарихының алтын парақтары. Ал бүгінгі жас мамандар сол дәстүрді жалғап, сапалы контентпен оқырман жүрегіне жол салып келеді.
Ауылдан шыққанымен, ойы мен сөзі биік тұлғалар – Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ағайдар Ысымұлы әлі де газетпен байланысын үзбеген. Өркен Исмаилдай аға қаламгердің мақаласын күтетін оқырман көп. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.

ҚАҒАЗҒА ТҮСКЕН РУХ ПЕН УАҚЫТ
«Өскен өңір» – кеше болған. «Өскен өңір» – бүгін бар. Және ол ертең де өмір сүретін, елдің үні бола беретін басылым. Газеттің әр мақаласы – болашақ ұрпақ үшін жазылған хат. Ал сол хаттың иесі – шындықты сүйетін оқырман.
Жыл өткен сайын ұжым жасарып, ой жаңарып келеді. Бірақ газетке деген махаббат, халыққа деген адалдық өзгерген емес. Өйткені бұл «Өскен өңірліктер» үшін өмір салты, көзқарас және жаңа тыныс.
86 жыл – тағзым етерлік тарих. Бұл тарихты жазған – сіз бен біз. Ендеше, келер күнде де абыз басылымның сөзі өтімді, үні есті, беделі биік болғай!

Сұлушаш МАДИЯРОВА
28 маусым 2025 ж. 20 0