КЕНТ КӨРКЕЙСЕ – ҚУАНЫШ, АУДАН КӨРКЕЙСЕ – АБЫРОЙ

Аудан орталығынан бастап ауыл-аймақтарға дейін бұл бағытта аз шаруа атқарылған жоқ. Қолға күрек алып, көшет отырғызатындар көбейіп, газет беттері мен әлеуметтік желілер көшет егіп тұрған суреттерге толады. Алайда сол отырғызылған ағаштар мен гүлдердің тағдырына бірер айдан кейін қайта оралатын жан кемде-кем. Қолда бар деректерді тізбелесек, бұл игі істің ауқымы таңдай қақтырады. 2018 жылдан бері мыңдаған түп ағаш пен гүл егілді. Дегенмен көкейде бір сауал көлденең тұрады. Осынша еңбек, осыншама қаржы Шиеліні көгалдандыруда неге толыққанды нәтиже бермей тұр?
ЕКПЕЙ ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ...
Мәселен, 2018 жылы Шиеліде бір жылда 30 мың түп көшет отырғызылған. 2019 жылдың сәуірінде 1000 түп ағаш пен 150 түп жеміс көшеттері И.Әбдікәрімов көшесі бойына егілген. Ал 2020-2021 жылдары өткізілген «Ағаш отырғызу күні» акциясы аясында 95 адамның қатысуымен тағы да 1000 көшет отырғызылды. Жаз айларында А.Яссауи мен И.Әбдікәрімов көшелерінің бойына 2,5 мың түп ағаш егілді.
2022 жылы қарағаш, сән ағаштары, терек, үйеңкі, шаған, қарағай сынды жергілікті климатқа бейімделген ағаштарға басымдық берілді. Ал 2023 жылы 1000 түп көшет қосылды. Биылғы 2025 жылға жоспар тіптен ауқымды. 11 175 м² жерге көпжылдық және жылдық гүлдер (Голландская роза, цинния полярный, глобус, цинния крупноцветковая, газон, чайная роза, лилия, ромашка, петуния, тюльпан, шафран, канна, ночная красавица, пантская роза) және 3450 түп ағаш (қарағаш, қара тал, канадалық және Калифорния терегі, қарағай, айлант) отырғызылды. Абаттандыру жұмыстарына 45 миллион теңге қаражат бөлініп, үш негізгі аймақ – орталық, теріскей бет және Көкшоқы мөлтек аудандары қамтылды.
Көшет егілді, есеп берілді. «Осынша түп көшет егілгенде Шиелі қазір жасыл желекке оралған, экологиялық проблемалардан арылған шаһарға айналуы тиіс емес пе?» деген заңды сұрақ туады, әрине. Мүмкін біз ағашты егуін егіп, оның күтіміне мән бермейтін шығармыз? Әлде қандай ағаштарды егуге болады? Осы сынды мәселелерді ескермейміз бе? Әйтеуір көп көшет көктеместен күйіп кетеді.
КҮТІП-БАПТАСАҢ – КӨКТЕЙДІ
Мәселе – күтімде. Ағаш отырғызу – бұл бір реттік іс. Ал оны көгертіп, тамырын тереңге жіберу – күнделікті жанашырлықты талап ететін ұзақ үдеріс. Тиісті күтім мен суару жұмыстарының жүйелі жүргізілмеуі, ағаш түрлерінің жерсінбеуі, қорғаныс жүйесінің жоқтығы – жасыл бастаманың жеміссіз қалуына себеп.
Бұл орайда жуырда ғана зейнетке шыққан, гүлге ғашық Құттықыз Ыханова былай деп пікір білдіреді:
– «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» деп мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов айтқандай, туған мекеннің әрбір метріне жанашырлықпен қарауымыз керек. «Ағаш ектік» деп қана қоймай, оның күтімі, суарылуы, көлеңке мен күнге төзімділігі, жерсінуі сияқты факторлар ескерілмей жатқаны байқалады. Еккен талдың тамыры тереңге бойлап, көктеуі үшін арнайы күтім қажет. Мен Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің айналасын гүлге бөлеп, аудан тұрғындарының сүйікті орнына айналдырдым. Цинния, шырайгүл, хризантема, қалампыр – барлығы да біздің топыраққа сай. Қарапайым күтіммен-ақ олар көктемнен күзге дейін гүлдей береді. Ал ағаштардан павлония, ясин, клен, ферғаналық тал – көлеңкесі қою, өсуі тез ағаш түрлері. Мәселе – жалқаулықта емес, жауапкершілікте. Осылай табиғатқа теңдік пен талғам керек.
Құттықыз Ыханова – тек сөзбен емес, іспен дәлелдеген жан. Яссауи көшесі бойындағы бұрынғы музей ауласын да көздің жауын алатын гүлзарға айналдырған. Оның айтуынша, гүлдер мен ағаштарды дұрыс таңдап, жерімізге бейімдеп, уақытылы ексе, күтім көрсетілсе – бәрі де жайқалып өседі.
ШЕШІМІ ҚАЙДА?
Ағаш пен гүл түрін ғылыми негізде таңдау. Анығында ауа райы, топырақ құрамына сәйкес келетін көшеттер таңдалуы тиіс. Сондай-ақ жергілікті қоғамдастықтарды тарту. Мектептер мен тұрғындар көшеттерді өздері баптап, жауапкершілікпен қарағаны ләзім. Мамандандырылған күтім тобы құрылғаны тіпті ғажап. Олар суару, тыңайту, зиянкестерден қорғау жұмыстарын жүйелі жүргізуі қажет. Гүлдер мен талдарды көркем түрде отырғызу, яғни, түрлі дизайнда, айшықты оюлармен көркемдеп, адамдардың да назарын аударуға да болады.
ЕККЕНІҢ – ЕРТЕҢІҢ
Жалпы көгалдандыруға адамдардың қызығушылығын арттырудың бір жолы – конкурстар өткізіп, ынталандыру. Бұл мақсатта жуырда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жаңа жобасы ұсынды. Соған сәйкес ауданда «Үлгілі көше», «Үлгілі аула», «Үлгілі мекеме», «Үлгілі кәсіпорын», «Үлгілі кәсіпкерлік нысан» номинациялары бойынша конкурс өтпек. Ардагерлер мен сала мамандарынан құралған комиссия мүшелері әр мекеме мен конкурсқа қатысуға ниетті нысандарды жіті аралап, бағалайтын болады. Нәтижесінде, гүлзар бағы жайқалып, сән-салтанатты жарасқандары жеңімпаз атанып, бағалы сыйлыққа ие болмақ. Бұл шара тұрғындардың бірлігі мен ынтымағын арттырып, жергілікті қоғамның өркендеуі мен дамуына өз үлесін қосуға ықпал етеді.
Көркейту – тек сыртқы көрініс емес, бұл – тұрғындардың табиғатқа, туған жерге деген көзқарасының көрінісі. Егер біз шынымен де Шиеліні жасыл белдеуге айналдырғымыз келсе, онда әр талды егуден бұрын, сол талға тағдыр деп қарауымыз керек. Шиелі – шын мәнінде киелі мекен. Жасыл желекке оранған өңірдің болашағы – көркем, ал табиғаты – мәнді. Сол үшін әрбір көшет – ертеңгі ұрпаққа қалатын аманат деп түсінейік. Себебі табиғатқа жанашырлық – өз болашағымызға жанашырлық.
Иә, қазір санға емес, сапаға жұмыс істейтін сәт. Бір тал ексек те өсім алып, көктесе, көлеңкесі сая болса – сол олжа. Жоғарыда айтқан аудан басшысының қолдауымен ұйымдастырылып жатқан конкурстың шарты да осы – көктемде еткен тіршілік күзде жемісін беріп, нәтижесін көрсетуі керек.
Сұлушаш МАДИЯРОВА