КӨКТЕМНІҢ СӘНІ – КӨШЕТ ЕГУ

Жуырда Жансейіт ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шопанбек Сәрекенің бастамасымен көктемгі көгалдандыру шараларына байланысты 4 сотық жерге ағаш көшеттері отырғызылды.Бұл игі істің жүзеге асуына себепші болған жандардың қатарында Базарбек Тінейбеков, Сағын Нұрланов, Сейдалы Қалкөзов, Мейірбек Ташмұхамед, Жұманбек Сарекеев, Қоңырат Қожабеков, Амангелді Исмаилов, Яхия Нұрымбетов, Ескендір Жаңабаев, Қоғамбек Сәреке секілді ауыл ақсақалдары бар. Сондай-ақ аталған берекелі бастамаға №21 бекет қариялары да өз үлестерін қосты. Ауыл іргесіндегі мешіт маңына көшет отырғызу барысында аталған аймақтың ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлияр Сейітов бастаған Әмзе, Ибрагим, Шарапат сияқты басқа да бірқатар үлкен буын өкілдері Жансейіт тұрғындарына көмек қолын созды. Бұл бірлесе атқарылған жұмыс ауылдың ажарлана түсуіне серпін болды. Табиғат жанашырларының осы бір ауызбіршілікпен жанданған істің өзгелерге үлгі болса екен деген тілегі бар. Бұл жайында:
– Жансейіт ауылындағы қолға алынған көшет егу жұмыстары қос елді мекеннің қарияларының ауызбіршілігімен, келешек ұрпаққа үлгі әрі естелік болып қалсын деген ниетте жүзеге асты, – дейді Шопанбек Сәреке.
Ағаш өсіруді бала тәрбиелеумен пара-пар көрген халқымыз үшін туған топырақты таза ұстап, жасыл желекке бөлеу бағзыдан маңызды істің бірі саналған. Бүгінде олар гүлдендірген алпауыт ағаштар жазда сая, қыста қамсау бола алатын бәйтерекке айналды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөздің мәні де осында жатса керек.
Таслима ӘЛІШЕР