АДАЛ ЕҢБЕК – АДАМ КӨРКІ

Осы жылдың өзінде 5 мектеп пен 1 колледжде қонақ дәрістерін өткізіп, бұл кездесулерге 500-ден астам оқушы қатысты. Сонымен қатар жастарды нақты өндірістік процестермен таныстыру мақсатында бірнеше кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылды. Соның бірі – жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Гежуба Шиелі цемент» зауытына колледж студенттері үшін ұйымдастырылып отырған экскурсия. Бұл экскурсия барысында жастар зауыттың ішкі жұмысымен, өндірістік процесстермен жақын танысып, өз көздерімен көру арқылы шынайы тәжірибе жинақтады. Мұндай қадамдар – болашақ мамандықты дұрыс таңдауға, нақты бағыт алуға үлкен көмек. – Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарымыз жалғасын табатын болады. Жастар – ел болашағы, ал оларды қолдау – біздің ортақ міндетіміз, – дейді «Атамекен» Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы. Сонымен қатар зауыттың бас басқарушысы У.Чженьхуа журналистерге сұқбат беріп, жұмыс барысын тілге тиек етті. – «Цемент Зауыт» құрылысы 2017 жылдың сәуір айында басталып, 2019 жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Бүгінгі күнде негізгі өндірісте 220-ден астам адам, әр сервистік мекемелерде 380-нен астам адам жұмыс істеуде. Негізінен жергілікті халықты жұмыспен қамтуға көп көңіл бөлеміз. Бұл өз кезегінде көлік тасымалы, қызмет көрсету және басқа салалардың дамуына тиімді ықпал етті. Жылына 1 млн 100 мың тоннадан астам цемент өндіріп, өнімдеріміз республика көлемінде және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғаныстан елдеріне экспортталуда, – деді. Осылайша әр мамандықтың қыр-сырына қанық болған жас буын таңдау жасауда қателеспейтін болады. Әрі қарапайым жұмысшылардың ақ адал жұмысын көзбен көрді.
Г.ДҮЙСЕБАЙ