АСЫҚ ОЙНАП ОЗҒАНДАР

Спорттық шараның ашылу салтанатына Ақтоған ауылдық округінің әкімі Ержанбек Ахметов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ еліміздің одан әрі дамуына ойы ұшқыр, көкірегі ояу жастарды тәрбиелеп, жасөспірімдер арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатындағы мұндай шаралар жалғасын табатындығын жеткізді. – Бұл жарыстың негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа асық ойнауды жетік меңгертіп, қызығушылығын арттыру. Сайысқа ер балалармен қатар қыздар да қатысып, бес асықтан бәсекеге түсті. Бұрын ата-бабамыз «бес тас» ойнаған, соны «бес асық» деп өзгерттік. Жалпы асық пен бес асық ойнаудың бала денсаулығына тигізер пайдасы орасан зор. Ең бастысы, смартфонға тәуелділіліктен арылып, қимылқозғалысын арттырады, – деді ауыл әкімі. Жалпы облыстық біріншілікке асық атуға 12 команда, 48 қатысушы, ал бес асыққа 7 команда 21 қатысушыдан қатысты. Нәтижесінде асық атудан бірінші сақа бойынша I орынды қызылордалық Саламат Мінайдар жеңіп алды. Ал II орын қармашылық Біржан Мырзабековке бұйырса, III орынды Нұрлан Құттымұратов иеленді. Екінші сақадан қармақшылық Әлинұр Данабай I орынды қанжығасына байласа, II орын Қармақшыдан келген Нұралы Төлепбергенге бұйырды. III орынды аралдық Нұрайдын Жақсылықов ұтып алды. Үшінші сақадан I орынды қармақшылық Айдын Камал, II орынды аралдық Исламнұр Оразбай, III орынды аралдық Нұрмұхаммед Асхатұлы иеленді. Командалық есеппен I орынға Қармақшы ауданы лайықты деп танылса, II орынға Арал өңірі, III орынға Жаңақорған ауданы ие болды. Бес асық жарысына қатысқан қыздар да ойын көрігін қыздырды. 2015-2017 жылғы кіші жасөспірімдер арасындағы бәсекеде I орынды Арал ауданының командасы, II және Ш орындарды Қармақшы мен Қазалы ауданының ойыншылары ұтып алды. Жекелеген жарыста Альбина Абушаева, Зарина Жәнібекқызы, Кәусар Сейтасанова, Балнұр Сәруар, Айару Серікбай, Жауқазын Әзілхан, Інжу Қаратаева, Айару Әбиболла, Ақнұр Әлімжан сынды шеберлер жарыста тамаша ойын үлгісін көрсетіп, тұғырға көтерілді. Айта кетейік, бірінші орын алған жас спортшылар 24-28 мамыр аралығында Түркістан қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, кіл мықтылармен бақ сынасады.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Сурет автордікі
Сурет автордікі