Павлодарда облыстық асық ойындары федерациясы құрылды
BAQ.KZ. Федерация өңірде асық ойындарын дамытумен айналыспақ, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық «Алтын сақа» ұлттық асық ойындары федерациясы ҚБ басшысы Қалибек Қуанұлы федерация облыста асық ойындарын бір жүйеге келтіру мақсатында құрылғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта облысымызда асық ойындарында ешқандай жүйе, бірыңғай стандарт жоқ. Жарыстарда әр аудан, әр ауыл әртүрлі ережемен келіп ойнайды. Өз ережелері болады. Сондықтан мақсатымыз – балаларды кішкентай кезінен бастап дұрыс ережемен, дұрыс бағдармен ойнатып үйрету. Сондай-ақ дамымай жатқан асық ойындарының түрлерін де дамыту. Ұлттық ойындарымызды өшірмей сақтап қалу, - деді Қалибек Қуанұлы.
Қалибек Қуанұлының айтуынша, бүгінде республикалық деңгейде асық ойынының екі түрі: бес табан мен бес асық бойынша жарыстар өткізіліп жүр. Сол ойындардың дұрыс ережесін облыстарға тарату көзделуде.
Облысымызда асық ойындарымен айналысып жүрген адам саны 20-дан асады. Республикалық деңгейдегі санаты жоғары 6 төреші бар. Жалпы, соңғы 4 жыл ішінде жыл сайын 4-5 облыстық, 10-ға жуық қалалық асық ойындары жарыстары ұйымдастырылып жүрді. Республикалық жарыстарға қатысып жүргендер бар, - деді федерация басшысы.
Айта кетейік, асық ойындары бойынша республикалық федерация бар. Ол Нұр-Сұлтан қаласында. Павлодар облыстық федерациясы республикалық федерациямен қарым-қатынас орнатып, ойын ережелері, жарыстар туралы ақпараттармен алмасатын болады.