ЕЛУ ЖЫЛДА ЕЛ ЖАҢА

Бала Шағдарбек 1956 жылы Ақтоғанда жетіжылдықты, 1966 жылы Шиелідегі Октябрьдің 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебін бітіреді. 1968 жылы Шымкент қаласындағы есепшілер дайындайтын мектепті тәмамдап, 1969 жылы әскери борышын өтеуге аттанғанша «Сырдария» совхозының І-фермасында есепші болған. 1969-1972 жылдары Солтүстік әскери флотында азаматтық борышын орындаған. 1972 жылы Шиелі аудандық сақтандыру инспекциясында есепші, 1974 жылдан бас есепші, 1979 жылдан осы инспекция басшының орынбасары, 1984 жылдан бастап инспекция бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Мемлекеттің нарықтық қатынастарға көшуіне сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі құралатын болып, қайта құрылған сақтандыру мемлекеттік мекемесінің Қызылорда облыстық филиалының бас директоры болып тағайындалды. Ұзақ жылдарғы қызметі мен жемісті жұмысы үшін КСРО және Қазақстан Қаржы министрліктерінің Құрмет грамотасымен, сақтандыру қызметінің 70 жылдығына шығарылған белгісімен марапатталған. Ш.Шайхуалиұлының аудандағы көркейтукөгалдандыру жұмысына қосқан үлесі зор. «Шиелі көркейту», «Бақтыбек» серіктестіктерін басқарған жылдары Жақаев саябағын, ӘлФараби, Ясауи, Ы.Жақаев, И.Әбдікәрімов көшелерінің бойына әртүрлі саялы ағаш егіп айналамызды жасыл желекке айналдыруға бар күш-жігерін жұмсады. Қазір ағамыз еккен сол ағаштардың көбісі жайқалып тұрғанын көзбен көріп жүрміз. Ш.Саржанов ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып баспасөз арқылы өз пікірін білдіріп отырады. Бұл жолы ол кісі денсаулық сақтау саласы мен көркейту-көгалдандандыру жұмыстарына баға берді. – Медицина саласына мемлекет тарапынан жақсы қолдау жасалуда. Соңғы жылдары ауыл-аймақта көптеген жаңа ғимараттар пайдалануға беріліп жатыр. Кент тұрғыны ретінде біз отбасымызбен «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясына тіркелгенбіз. Көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің сапасына көңіліміз толады. Қазір ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып жатыр. Жасымыз келген соң, дәрігерлерге жиі-жиі көрініп тұрамыз. Қай уақытта да кеш демейді, ерте демейді көмекке дайын тұрады. Елу жылда ел жаңа демекші, жалпы, ауданда денсаулық саласы кезең-кезеңмен жаңаланып, жаңғырып жатыр. Ол да болса уақыт талабы деп түсінеміз. Ауданда жасалып жатқан, көркейтукөгалдандыру жұмыстарына да көңілім толады, әсіресе Сейілбек Шаухаманов бірінші хатшы болып тұрған кезде соғылған орталық саябақтың мемлекет меншігіне қайтарылып, жаңарып, жасаратынына ел болып қуанып отырмыз. Мұндай кезде, іске сәт, тірлік оңды болсын деп батамызды береміз, – деді еңбек ардагері. Шағдарбек аға ынтымағы жарасқан жарасымды жанұяның тірегі. Жұбайы, химия пәнінің мұғалімі болып 30 жылдан аса қызмет жасап, балаларды білім нәрімен сусындатқан Хадиша Кенжебекова екеуі 1 қыз, 3 ұл өсіріп немерелердің қызығын көріп отырған бақытты жандар.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ, сурет автордікі