Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қиындықта шыңдалған тағдыр

Қиындықта шыңдалған тағдыр

1914 жыл. Яғни бірінші дүниежүзілік соғыс басталған сәт. 38 мемлекет қатысқан қанды қырғын қай елге болсын оңай тимегені анық. Ертеңгі күніңе күмәнмен қарайтын зұлматты соғыс қазақ елін де тыс қалдырмады. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді. Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлдырауына әкеліп соқты. Түрлі оқиғалармен қатпарланған тарих бетінде бұл соғыс 10 млн сарбаз өмірін қиып, 12 млн-дай бейбіт халықты жойған трагедия іспетті сақталды.
Дәл осы жылы Ақтоған ауылында Әбдіқаппар Молдабаев жарық дүниенің есігін ашады. Дүниежүзілік соғыс дүрбелеңінің нағыз қайнаған тұсында өмірге келген ол, небәрі 3 жасқа толғанда анасының аялы алақанынан айырылды. Ал әкесі 7-8 жасар баласын асырап-бағу қиындап бара жатқандықтан бүлдіршінді Жаңақорған ауданындағы балалар үйіне береді.
Бұл уақыт ашаршылықтың алғашқы кезеңі еді. Әкелік махаббаттан көрі баланың болашағын артық санаған ол, осы шешімді жөн деп санайды. «Балам балалар үйінде болса, үкімет өлтіре қоймас. Өзі қатарымен жүрсе, бір жерден шығар» деген үміт Әбдіқаппардың әкесінің жұбанышы еді. Осылайша қатал тағдырдың сынағына түскен Әбдіқаппар он жасқа толмай жатып тірі жетім атанды.
Ертеңгі күнді көрер бағы бар Әбдіқаппар сол балалар үйінің жанындағы мектепте алғашқы сауатын ашып, 7 жылдық білім алып шығады. Балалық шақпен ерте қош айтысқан бала жас­тайынан ширақ, ісіне мығым болып ер жетеді. Өмірдің ащы дәмін ерте тартқан ол, өзі көргенін өзге балалар көрмесе екен деп армандады. Өскенде елге қамқор азамат болып, көпке пайдамды тигізсем деген ойлар ұйқысыз түндерде жиі мазалайтын. Сол үшін де үнемі ізденісте болып, көпті білуге тырысатын.
Аналық мейірімді сезініп, әкесінің тәрбиесін алу пешенесіне жазылмаса да, Қызылорда қаласында білім алу бағы бұйырды. 1934-1937 жылдары аралығында Қызылорда педучилищесін оқып, бастауыш мектеп мұғалімі мамандығын алды. 1937-1939 жылдары Досбол би ауылындағы мектепте оқу меңгерушісі қызметінде болды. Ал 1939 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, Фин соғысына қатысты. Еліне, балалық шағы өткен жерге деген сағыныш сезімі жүректі сыздатып, белгіленген мерзім аяқталуға таяғанда тағдыр оны тағы сынады.
1941 жылы елге қайтамын деп тұрғанда Ұлы Отан соғысы басталып, өмір мен өлімнің арасында 4 жылын өткізеді. Осылайша Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған азамат араға 6 жыл салып, 1945 жылы жеңіспен еліне оралды.
Сол жылдан бастап өзінің мамандығы бойынша жұмысқа кірісті. 1945-1947 жылдары аралығында Досбол би ауылындағы 7 жылдық мектепте мұғалім, одан соң мектеп директоры болып қызмет атқарды. Қанша қиындықты бастан өткеріп, халық үшін қызмет атқарса да көралмаушылар болған жоқ. «Ағайын ала болса ауыздағы кетеді» дегендей мектеп қызметкерлері мен ауыл тұрғындарынан Ә.Молдабаевты туысы «Немістерге берілген. Отанын сатқан опасыздың ағайыны мектеп басшысы болуға тиіс емес. Оны ортамыздан аластау қажет. Ол еліміздің ертеңгі үміті жастарға теріс бағытта тәрбие береді» деген сыңайлы арыз-шағымдар жоғарғы жаққа үсті-үстіне жаза береді. Соның салдарынан 1947 жылы үйренісіп кеткен ортасын қимай Әбдіқаппар Жаңатұрмыс колхозындағы бас­тауыш мектепке ауысады. 1948-1949 жылдары сол мектепте директорлық қызметінде болады. Өткен күнін еске алғанда «Елдегі мына өмірден, соғыстағы күнім артық екен. Бөтен болса бір сәрі, осы туыстардан көрдім ғой көресіні» деп ағайынның күндеуіне ренішін де білдіретін.
1949-1956 жылдары Қызылқайың орта мектебінде директор, 1956-1959 жылы Жуантөбе ауыл советінің төрағасы, 1959-1961 жылдары Қызыл ту колхозында партия ұйымының хатшысы, 1961-1965 жылдары Қазақстанның ХХХ жылдығы колхозында басқарма төрағасы қызметін абыроймен атқарды. 1965-1966 жылдары Сырдария қаракөл совхозы жұмысшылар комитетінің төрағасы, 1966-1968 жылдары Сырдария совхозының Қызылқайың елді мекеніндегі №1 ферма меңгерушісі лауазымында болса, 1968-1969 жылы №152 Жөлек орта мектебінде мұғалім, 1969-1984 жылдарда Бәйгеқұм елді мекенінде қамыс заводтың директоры қызметін атқарды.
Әбдіқаппар 1982 жылы зейнеткерлікке шығуға тиіс еді. Дегенмен басшылар өмірлік тәжірибесін, сондай-ақ көпшілікпен тіл табыса алатындығын, ең бастысы қамыс завод ұжым мүшелерінің өтінішін еске отырып, өзіне тиесілі еңбек демалысына 2 жыл кешігіп шықты.
«І дәрежелі Отан соғысы», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек Қызыл ту» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» ВДНХ-ның алтын медальдарымен марапаттары Әбдіқаппар Молдабаевтың еңбегінің көрінісіндей. Өмірі өскелең ұрпаққа өнеге Әбдіқаппар 1993 жылы 79 жасында жарық жүниемен қоштасып, соңғы сапарға аттанды.

Ерұлан ДАТКЕНОВ

10 желтоқсан 2019 ж. 495 0