АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Аяулы жандарға ізгі тілегін білдіріп, халық санын көбейтуге үлес қосқан аналарға алғыс білдірді. – Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Әйел – тіршіліктің бастау-бұлағы, әлемнің ажырамас бөлігі, сұлулықтың асыл тәжі. Ұрпақ өсірумен қатар ел еңсесінің көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері барлық құрметке лайық. Қашан да үлкенді құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында ананы сыйлау – тәрбиенің өзегі. Сіздер еліміздің демографиясының өсуіне, халық санының көбеюі мен ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келесіздер. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын, – деді аудан әкімі. Шарада аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекішев жылы лебізін білдірді. – Ұрпақ өсіріп, отбасының ғана емес, тұтас елдің берекесін келтіріп отырған алтын құрсақты аналар қауымын шын жүректен құттықтаймын. Бала – бауыр етің, өмірдегі ең басты бақытың. Бала – өміріңнің жалғасы. Қазіргі таңда баланы дұрыс тәрбиелеу ең бірінші міндет. Мұны сіздер жақсы білесіздер. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз елдің ертеңіне айналар, ата-ананың үмітін ақтайтын азаматтар болсын деп тілеймін, – деді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы. Алтын мен күміс алқа таққан жас аналардың қуанышында шек болмады. Байсын ауылының тұрғыны, 7 баланың анасы, алтын алқа иегері Айгүл Нәлібаева алғыс айтып, ризашылық білдірді. – Мен Мемлекет басшысының атынан осындай марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын әрі мақтан тұтамын. Аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандыра түсті. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, – деп алғаусыз ақ ниетін жеткізді. Игі шара әрі қарай Нартай өнер мектебі өнерпаздарының ән шашуымен жалғасып, алтын құрсақты аналар құрметке бөленді.
М.ИБРАГИМ