ҰЛЫҚ МЕЙРАМ ҰЛЫҚТАЛДЫ

21-ші наурыз күні ауылдың ескі стадион алаңында сайдың тасындай қатар тізілген киіз үйлер ұлттық мерекенің көркін еселей түскен. Ауыл халқы мәзмейрам. Еңкейген қарты мен еңбектеген сәбиге дейін бәрі осында ұлық мерекені тойлауға жиналған. Көңілі көктемдей құлпырған ауылдастар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, қуанышпен қауышып тұр. Сырттан көрген жанның сүйсініп, қызыға қарайтындай жөні бар. Себебі, ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан ауылдың игі іс-шарасына тұрғындар бір кісідей ат салысып жүр. Үстіне ою-өрнекпен әспеттелеген көйлек, басына сәукеле киген бойжеткендер алтыбақан теуіп, балалар асық ойнап, мерекенің шырайын шығарды.
Сонымен халық толық жиналған сәтте өнерпаздар сахна төріне көтеріліп, думанды тойды әсем ән мен күмбірлеген күймен бастады. Шараға Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов, облыстық мәслихат депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Егембергенұлы, аудандық мәслихат депутаты Дәурен Досмағамбетов арнайы келіп қатысып, құттықтау лебіздерін жолдады. Содан соң, дәстүрді дәріптеп, салтымызды жаңғыртатын көшеаралық байқау бастау алды. Әр көше берілген тапсырмалар бойынша, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын көріністерді сахналап, елдің қошеметіне бөленді.
– Әз-Наурыз мерекесінде өткізіліп отырған бұл байқаулар, ауыл тұрғындарының ұйым-бірлігінің артуына, қазақы болмысымызды айшықтай түсетін құндылықтарымызды кең көлемде насихаттауға үлкен септігін тигізеді, – дейді ауыл әкімі Ғалымжан Бейсембаев.
Мерекелік жиын барысында ақмаялықтар ұлттық спортты да ұмыт қалдырмады. Тәрбиелік мәні зор ойындар ұлықталды. Жиылғандар жас ерекшеліктеріне сай аударыспақ, қыз қуу, қол күрес, арқан тартыс сияқты түрлі сайыстар бойынша өзара сынға түсті. Жеңімпаздарға ауылдың демеушілері тарапынан тағайындалған ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Қасиетті рамазан айымен тұспа-тұс келген ұлық мейрамда тұрғындар бірауыздан ауызашар рәсіміне қатысты. Ауыл имамы келген жамағатқа дін мен дәстүрді ұштастыра білген ауыл азаматтарына ризашылығын білдіріп, марқұмдардың рухына Құран бағыштады. Осылайша Наурыз тойын ерекше атап өткен ауыл тұрғындары мәре-сәре болып тарқасты.
«Жыл басы игі тілек, оң талпыныспен басталса, аяғы да табысты болады» дейді ата-бабамыз. Ендеше Әз-Наурызды ізгі ниетпен қарсы алайық. Көктемнің шуағымен келген Ұлыстың ұлы күні әр отбасына шаттық, мол ырыс, ынтымақ әкелсін.
М.ИБРАГИМОВ