Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемдей жүзі нұрлы – ұлыстың ұлы күні

Көктемдей жүзі нұрлы – ұлыстың ұлы күні




Күн мен түннің теңелер сәтімен дөп келетін тек қазақ халқы емес, бүкіл шығыс халықтарының жаңа жылы – Наурыз мейрамы ажарлы Алаш төсінде жыл сайын ерекше сән-салтанатпен аталып өтіледі. Өткен мерекелі жылды берекелі түйіндеген шиеліліктер биыл да үлкен мақсатты алға қойып отыр.
Міне, табиғатты ұйқысынан оятатын, тіршілік атаулының тамырын жібітіп, қанын жүгіртетін қасиетті Наурыз да келіп жетті. Көктемнің көгілдір күні де алыс емес. Күн қызуы қыстың ақ көрпесін бой-бой тамшыға айналдырып, топыраққа сіңіруде. Көктемнің көрікті күндерінде келетін исі мұсылман халқының жаңа жылы болып есептелетін ұлық мереке әз-Наурыз төрімізге келіп жайғасты. Басына бақ қонып, дастарқанына ақ толған Шиелі ауданының әр ауылдары жаңару мерекесін жарқын пейіл, жайдары көңілмен қарсы алуды бастап кетті. Еске сала кетсек, мерейлі елдің мейманасын тасытқан Наурыз мерекесін халықаралық беделді ұйым – ЮНЕСКО барша адамзат баласының ең құнды мәдени мұрасы санатына қосып, 2010 жылы БҰҰ шешімімен «Халықаралық мейрам» мәртебесі берілгені баршаға аян. Осынау ұлық мерекенің салтанаты ауданның барлық ауылдық жерлерінде шеру тартып, қарапайым халықтың қуанышын еселеді.
Наурызды «Ұлыстың ұлы күні», «Жер бетінде жақсылық қонған күн», «Жер ананың тоң кеудесі жібіп тас емшегі иген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп атауы тегін емес. Бұл күнде адамдар пендешіліктен арылып, бір-біріне нұрын төккен. Кең дастарқан жайылып, наурыз көжеден дәм татқан. Көктемнің тұмса табиғатымен жарыса жігіттер шапанын, арулар камзолын киіп алтыбақан теуіп, ән-жырды әуелетеді. Осылайша, ұлы мереке ұлықтала түседі. Енді ғана босағамыздан аттаған ит жылы еңбегіміз еселі, егініміз бітік шықсын деген ағайын тасаттық жасап, көктемде жер бетін көк шалсын деген ниет білдіреді.
Дәстүрлі мерекені бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Сондай-ақ, бұл күні жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін тойлайтын ұлыс күні Қызыр ата аралап, батасын береді. Ұлттық нақышпен үйлесім тапқан ұлттық мейрам Әз-наурыз биыл да Шиелінің ажарын арттырып, баршаны базарлы еткен мерекелік сән-салтанатқа ұласты.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
21 наурыз 2018 ж. 1 783 0