ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Үміткүл апамыз – 1950 жылдың тумасы. Он жеті жасында ауыл азаматына тұрмысқа шыққан ол сол кезден бастап фермаға сауыншы болып жұмысқа қабылданған. Кейіпкеріміз кейін коммунистік партия қатарына алынып, еңбектің көркін қыздырады. Сол жылдары жолдасы екеуі бірі сауыншы, бірі көлік жүргізуші болған қарапайым жандар ауыл экономикасын дамыту жолында бірлесе еңбек етеді. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңеске депутат болып сайланған Үміткүл апа қыстыгүні қаһарлы аязда кірпігіне мұз қатып, жазда аптап ыстықта басынан күн өте жүріп еңбек майданынан бір сәтте дамыл таппаған жан. Ол зейнетке шыққан соң да арқаны кеңге салып, демалмады, саудаға шықты. Сөйте жүріп балаларын өсіріп, жетілдірді. Жеті құрсақ көтеріп, еңбекқор отбасында тәрбиеленген балалардың барлығы бүгінде үлкен өмірге қанат қаққан.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ