Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүт селдеткен сауыншы

Сүт селдеткен сауыншы



Кеңес заманында қарапайым еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілетін. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласының озаттарынан ештеңе аямайтын. Шопандар, бақташылар мен сауыншылар автокөлікпен, Қалың кілемдермен, бағалы заттармен марапатталып, грамота, медаль, ордендермен наградталушы еді. Бірақ еңбекшілер депутаттары атанған олар, нағыз еңбектің көркін қыздырған, шаршамайтын, уақытпен санаспайтын, бірінші кезекте өзіне жүктелген жұмысты адал атқаратын, жігерлі жандар болды. Олар еліне қызмет етуді міндетім, борышым, парызым деп түйді. Шын сөйлеп, әділдік айтып, өтірікке, жалғандыққа, жасампаздыққа бармады. Озаттарды қызғанбады, аяғынан тартпады, артта қалғандарға күлмеді, күндемеді. Керісінше ақыл-кеңестерін айтып, тіркемеге алып, алға сүйреді, жетеледі, қатарларына қосты. Адам адамға дос, бауыр, жанашыр, демеуші, сүйемелдеуші, тірек болып саналатын. Еңбек адамдары жұмысынан бөлек ештеңе ойламайтын. Ақша іздемейтін, несие алмайтын, сөйтіп жүріп-ақ қатарынан қалмайтын. Ауданда еңбекпен көсегесі көгерген қыз-келіншектер көп еді. Солардың бірі – Төңкеріс колхозының атақты сауыншысы – Үміткүл Еретаева.
Үміткүл 1967 жылдан бастап ауылдағы сауын фермасына сауыншы болып орналасады. Сауыншы болу айтқанға ғана оңай. Оның қиындығына төзудің өзі ерлік. Таңның атуы, күннің батуы, демалысы жоқ таусылмайтын, айналып келе беретін күндер. Қиынның қиыны қыс айларында. Аяқта резеңке етік, дала ақ қар, ызғырық. Кірпікке мұз қатып, жаңбыр құйса да, қар жауса да жұмыстан қалуға болмайды. Сауыншылар сиырын сауып әлек болып жатса, ферма меңгерушісі Арыстанбай Әлмаханов ағай жиын өткізіп, «пәлен мекемелерге, бала­бақшаларға сүт жетпей жатыр, көр­сеткіш орындалмауда. Түгенше, саған сөгіс жариялаймын» деп, әуре сарсаңға түсіп жатқаны. Ал сауыншылардың қос қолы сиырдың иіп тұрған желініне жабысып, бастарын көтермейді. Бастық тапсырманы тұрғызып қойып сұрайды. Сауыншы үнсіз, қыңқ етпейді. Осындай жағдайда бір орында 28 жыл үздіксіз қызмет еткен Үміткүл әлі тың. «Әйелдің жасын сұрама» деген ақын жырына сүйеніп, ол жағына бармадық. Жасында келісті, әдемі, қайсар келіншек болғаны аңғарылады. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтіндінің» өзі. Сөзшең екендігінде сездіріп үлгерді. Аман саулықтан соң:
– Ешкімге ренішім де, міндетім де жоқ десем болады. Кезінде жақсылы-жаманды еңбек еттік. Жастық шағым зымырап өте шықты. Үйрендік, төселдік, көзге түстік, озат сауыншылар қатарына қосылдық. Отбасы, үй шаруасы, бала тәрбиесі, жұбайыңның жағдайы, сиыр сауу, сауыншылар цехының, партия ұйымдарының жиналысы бәріне үлгеруім керек. Жас коммунист, озат сауыншы ретінде аудандық партия комитетінің екі мәрте пленум мүшесі, аудандық, облыстық кеңестің депутаты болып сайландым. Мен мұны жеке басымның еңбегі демеймін, сол уақыттағы колхоз бастығы Нығымет Қозайдаров, азды-көпті еңбегімді бағалай білген аудан басшылар Сейілбек Шаухаманов, Әзімхан Исмаилов, сауын цехының бастығы Арыс­танбай Әлмаханов секілді ағайлардың арқасы, олардың зор ықыласы, сенімі болды деп ойлаймын. Колхоздың партком хатшысы Сәдуақас Рыспенбетов те маған саяси тәрбие беріп, жиындарда сөйлейтін сөзімді қарап шығатын. Ол кісілерден әкелік қамқорлықты сезінуші едік. Болашаққа сеніммен, жігермен қарайтынбыз. Депутаттық аманатқа қатып қалушы едік. Облыстық лауазымды жиындарға қатыса жүріп, ауылға 200 бас ірі қара малына жаңадан сиыр қора (коровник) салынуына оң ықпал жасады. Облысқа барып, облапоның бастығы Әбдіразақов ағайға кіріп, су жаңа бензавоз автокөлігін шаруашылыққа сұрап алдым. Әрине, Нығымет ағайдың сұрауы бойынша. Біз осылай жалындап жұмыс жасадық. 1995 жылы 45 жасымда зейнеткерлікке шықтым. Шабуылдап жүріп, дүниеге 7 ұл-қыз әкелдік. Жұбайым Жүсіп колхозда отыз жыл көлік жүргізушісі болды. Біз басшыларды тыңдап, ақыл кеңестерімен есейдік. Өтірік айтпадық, жалған сөйлемедік, біреуді сырттай балағаттамадық, отбасымызбен де, көршімізбен де тату-тәтті болдық. Содан болар өстік, өндік, көгердік, ұрпағымыз қанат жайды. Балаларымызды түгелдей оқытып, бір-бір диплом алып бердік. Шүкір, Алланың арқасы деп білемін. Ұлым Нұрғали Жақыпов аудандық су шаруашылығы мекемесінде қызмет етсе, қыздарым да бірі мұғалім, бірі балабақшаның меңгерушісі, қалғандары да өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, отбасыларын асырап, күндерін көріп жатыр. Өзім әлде де сауда жасап, майда-шүйделер сатып, қарап отыра алмаймын. Дегенмен кешегі ағаш аттың басынан секіріп жүрген шағымыз қайта айналып келе қоймас. Мен бақытты әжемін, 27 немерем, 8 шөберем қоршап алғанда орман ішінде отырғандай боламын. Әйтеуір, халқымыз аман, еліміз тыныш, соған қуанамыз. Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлағаты әзірге мәнін жойған жоқ. Қайта осы күні жұмыссыз жүрген жастарға арналғандай. Осы жерде ауылда сауыншы болып, аттары дүркіреген Рая Бердешова, Қалдыгүл Омарова, Рсалды Мизамбаева, Қапыш Жәукеева секілді құрбыларыммен жұмыс істеп, солармен қатар зейнет демалысына шыққаныма қуаныштымын. Қазір әрқайсысы бір-бір үйдің қадірлі әжелері. Уақытысында еңбектің, маңдай тердің мақтауын алған, үнемі алғы шепте көрінген сауыншы аналар анда-санда бәйге атындай осқырынып, ауданға елеңдеп отырамыз. Неге? Мен өз басым зейнетке шыққалы ауданда өтіп жатқан бірде-бір жиналысқа, іс-шараларға шақырылып көрмеппін. Біз ауылдан да, ауданнан да ештеңе сұрамаймыз. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Осындайда «Қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына» деуші ме еді? Желпілдейтін де жаста емеспіз, дегенде жасымызда керек болып, зейнет шағымызда елеусіз қалғанымыз жанымызға сыздай батады, – дейді Үміткүл Төңкеріс ауылының автобусына асығыс екенін айтып. Жүзі жарқын. Өңінен реніш табы байқалмайды. Не де болса, ардагер сауыншының ішінде кетті. Бірақ айтарын айтып кеткендей көрінді.

Өркен ИСМАИЛ.
21 мамыр 2019 ж. 670 0