Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰСТАЗДАР ТҮСТІ САЙЫСҚА

ҰСТАЗДАР ТҮСТІ САЙЫСҚА

Қазіргі таңда ұстаз тек білім беруші ғана емес, ол ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш және шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл тұлға болуы қажет. ХХІ ғасыр – ұлттық бәсеке, ақпараттық қоғам, инновациялық технологиялардың қарқынды дамуымен сипатталатын кезең. Осы заманның талаптарына сай, интеллектуалды, ой-өрісі кең, халықаралық деңгейде білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір мұғалімнің ең маңызды міндеті. Бұл жауапкершілік қазіргі мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін, жаңа әдіс-тәсілдер мен білім беру технологияларын меңгеруін талап етеді.
Осы мақсатта №205 орта мектебінде №214 Телікөл ауылдық орта мектебінің мұғалімдері арасында «Жаңашыл мұғалім – шығармашыл мұғалім» тақырыбында білім сайысы өтті. Бұл сайыс жас ұстаздардың жаңашылдыққа деген ұмтылысын, білім беру үдерісіндегі шығармашылық көзқарастарын қолдауға бағытталды. Мақсат – әр мұғалімнің білім беру саласында жаңа идеялармен бөлісіп, өз шеберліктерін арттыруына ықпал ету. Сонымен қатар болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі жаңашыл тәсілдерді енгізуге күш салу болды.
Бұл сайыс білім беру саласында жаңа идеялар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді қолданып, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруді мақсат етті. Қатысушылар тек өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, болашақтың мұғалімі ретінде шығармашылық қадамдар жасай отырып, білім беру жүйесіне жаңалықтар енгізу жолында маңызды қадамдар жасады.
Сайысқа қатысқан «Педагог про макс» және «Brand» ұстаздар тобы 6 түрлі бағыт сынға түсті. Бірінші таныстыру кезеңінде, мұғалімдер өздерін таныстырып, мектеп өміріндегі басты міндеттері мен педагогикалық философияларын қысқаша баяндады.
Ал «Мұғалім – кеше, бүгін, ертең» деп аталатын екінші кезеңде мұғалімдердің өз рөлін уақыт үдерісінде қалай өзгертіп, дамытып келе жатқанын көрсеткен бөлім, мұғалімдердің кәсіби эволюциясы жайлы терең ой салды.
Үшінші «Панорамалық сабақ» кезеңінде, ұстаздар өз пәндерін заманауи әдістер арқылы оқыту шеберлігін байқатты, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін жаңа тәсілдер қолданды.
Төртінші «Мұғалім болу қандай-ды?» атты кезеңде, ұстаздардың кәсіби міндеттеріне, талаптарына және адамгершілік қасиеттеріне терең үңілген рөлдік көрініс көрсетілді.
«Word wall» деп тосын тапсырма берілетін бесінші кезеңде, мұғалімдер шұғыл тапсырмалар орындап, өздерінің тапқырлықтары мен командада жұмыс істеу қабілеттерін көрсетті.
Соңғы «Өнерліге өріс кең» атты кезеңде ұстаздардың шығармашылық және өнерге деген ықыластары мен қабілеттері көрініс тапты. Мұнда әрқайсысы өздерінің жеке шеберліктерін, көзқарастарын паш етті.
– Мұғалім болып мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өмір бойы білім алу, үйрену бұрынғыдан артпаса, кемімейді. Соның ішінде әріптестеріңнен үйрену, тәжірибе арқылы үйрену мықты құрал болмақ. Жас маман болып әр ұстазға педагогикалық та, психологиялық та, әдістемелік те қолдау көрсету сол ұжымның ішіндегі тәжірибелі ұстаздарға жүктелген аса жауапты міндет, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Әмина Тәжиева.
Сайысты әділ бағалаған қазылар алқасы құрамында аудандық білім бөлімінің әдіскері Әмина Тәжиева, «Amanat» партиясы Шиелі аудандық филиалының консультанты Нұрсұлтан Сапарбаев, Жастар Ресурстық орталығынан Ержігіт Аяпберген, «Өскен өңір» газетінің тілшісі Сұлушаш Мадиярова және ардагер ұстаз Р.Тоқсанбаева болды. Олар мұғалімдердің әрбір қадамын мұқият бағалап, шығармашылық пен жаңашылдықты үйлестіре білу қабілеттерін ерекше атап өтті.
Сайыс соңында қос команда да тең дәрежеде өнер көрсетіп, қазылар алқасының шешімі бойынша, қатысқан 2 топқа да аудандық білім бөлімі мен «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атынан және «Жастар ресурстық орталығының» арнайы алғыс хаты табыс етілді.
Бұл сайыс білім саласындағы мұғалімдердің тәжірибе алмасуына жаңа идеяларды енгізуге және бір-бірінен үйренуге деген ұмтылыстарын қолдады.
«Креативті ұстаз» номинациясына ие болған №205 мектептің география пәнінің мұғалімі Ғалым Абдираев:
– Дәстүрге айналған – байқау ұстаздың біліктілігін арттыруға үлес қосып келеді. Ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деді. Осы ұлағатта терең мән-мазмұн бар. Расында білікті, білімді ұстаз – мектептің тірегі. Ал осылай ұдайы білімін жетілдіріп, жаңа талаптарды, жаңа дағдыларды меңгеретін ұстаздардың бар екені көңілге қуаныш ұялатады, – деді ол.
P.S: Мұғалім білімін үздіксіз жетілдіргенде ғана заманауи дағдыларды оқушының бойына сіңіре алады. Мұғалімнің шығармашылық потенциалын арттыруда семинар-тренингтер мен шығармашылық байқаулардың септігі мол. «Жаңашыл мұғалім – шығармашыл мұғалім» алаңында зердеге осыны түйдік.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
05 наурыз 2025 ж. 228 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9285)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (9284)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (9283)

01 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31