Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ИЕСІ – ЖАС МАМАН

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ИЕСІ – ЖАС МАМАН

Жастар – ертеңгі елдің шамшырағы. Сол себепті, елімізде жас мамандарға ерекше ден қойылуда. Әсіресе, білім беруде нәтижеге жету оңай емес. Себебі, оның міндеті – білім сапасын көтеруді мақсат етіп қояды. Педагог алға қойған мақсатқа жету үшін үнемі шығармашылықпен айналысып, өз біліктілігін дамытып отыруы қажет. Осы орайда, Телікөл ауылдық округіндегі №214 орта мектебінде “Жаңарған мазмұн, жаңа әдіс және жас маман” атты жас мамандар арасында білім сайысы өтті. Шараға аудандық білім бөлімінен А.Ташкенбаева, аудандық жас­тар ресурстық орталығының директоры Е.Абдешов және жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Н.Сапарбаев қатысты.
Сайысқа педагогикалық еңбек өтілі 1-5 жыл аралығындағы мектептің 20 жас маманы және оларға тағайындалған 4 куратор қатысты. Байқаудың басты мақсаты — жас мамандардың кәсіби мәртебесін көтеру және қолдау, жас мұғалімдердің шығармашылығын, жұмыс істеу қабілеттерін арттыру, өз ісінің шебері екендігін анықтау болып табылады.
— Жас мамандар мектепте тәлімгерлердің көмегімен бейімделу уақытынан өткеннен кейін кезең-кезеңімен әдістемелік дайындық жұмыстарын бастайды. Тәлімгерлер жас мамандардың сабағына, жас мамандар тәжірибелі ұстаздардың сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасып отырады. Ал, сабаққа қатысу талдау әдістеме ­отырысында жүзеге асырылады. Қазіргі таңда жан-жақты білімді, өз істерінің білгірі болғысы келетін жас ұстаздар бар. Олар түрлі сайыстарға қатысып, өздерінің жетістіктерімен көзге түсіп жатады. Дәл осындай жас мамандар №214 орта мектебінде де баршылық. Мектепке келген жас мамандар мектеп қабырғасына жаңадан келгеніне қарамастан, мектептің сабақ, сыныптан тыс іс-шараларына өз үлестерін қосып жүр, – дейді аталған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Қалдыбек.
Шара мектеп директоры­ Ү.Ахметовтың сөзімен бас­талып, сайысқа қатысқан «100% MASTERS» және «ШЕБЕР» командалары 6 кезең бойынша сынға түсті. Өз білімдерімен қатар өнерлерін де паш еткен мұғалімдер келген қонақтар мен ұжымды бір таңқалдырды. Сайыс барыс­ында ұстаздар сабақта қолданылатын жаңа әдістермен бөлісті. Жас маманның жетістіктері мен әлсіз тұстарын да назардан тыс қалдырмады.
Әділ қазы алқаларының шешімі ­бойынша, қатысқан 2 топтың ішінен «Өнерлі топ» бағамымен «100% MASTERS» командасы марапатталып, «ШЕБЕР» командасы «Білімді топ» атанып, жеңіске жетті.

Нұрай ҚАЛЫШБЕКОВА
26 қазан 2021 ж. 732 0