Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шеберлік шыңдалған күн

Шеберлік шыңдалған күн

20 қараша күні №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінде «Оқу мақсатына жетудегі бағалау тапсырмаларын тиімді құрастыру» атты шеберлік сағаты өтті. Жиынның негізгі мақсаты – орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында бағалау тапсырмаларын әзірлеу және сараптама жасау саласында мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру. Аталған шараға аудан мұғалімдерінен бөлек Арал және Сырдария өңірінен келген педагогтар қатысты. Сонымен бірге педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері Гаухар Тұяқбаева, облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі Гүлшат Смағұлова шеберлік сағатының қонағы болды.
Ұстаздарға арналған шеберлік сағаты басталмас бұрын облыстан келген қонақтар өз лебізін білдіріп, әріптестерге сәттілік тіледі.
– Бүгінде жаңартылған білім бағдарламасы бойынша кейбір ұстаздар қиындыққа кез болды. Бізде қиындықтарды шешу үшін бағдарламалар жасалып, ­курстар ұйымдастырылды. Сол курсқа қатысып, тәжірибе жинаған мұғалімдер әріптестерімен бөлісіп те жүрді. Осы орайда мен бүгінгі шеберлік сағатында мүмкіндігінше ашық пікір айтылса деймін. Егер біз ашық диалог орната білсек, кез келген жұмыстың сапасын көтере аламыз. Сол себепті барлық сұрақтарыңызды қойып, ұсыныстарыңызды ортаға тастаңыздар, – деді педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері Г.Тұяқбаева
Шеберлік сағатында №48 мектеп-лицейінің мұғалімі Раушан Баканова «Бағалау үдерісін ұйымдастыру және жоспарлау» тақырыбында баяндама оқып, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс жөнінде сөз қозғады. Шара әрмен қарай пән мұғалімдерінің секциялық жұмыстарымен жалғасты.
Мұғалімдердің біліктілігі мен білімін арттырып, шеберлігін шыңдайтын шара марапаттау рәсімімен тәмамдалды. Қатысушыларға облыстық оқу орталығының директоры атынан сертификат табысталды. Сонымен бірге үздік нәтиже көрсеткендер аудандық білім бөлімінің алғыс хатымен марапатталды.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИ
23 қараша 2019 ж. 736 0