Аудан жастары аймақтық байқауда
Аймақ жастарының басын қосқан «Жастар күні» байқауында бүгінгі білім беру жүйесі мен мұғалімдердің мәртебесі де сөз болды. Ол «Білім бәсекесі: әлемдік тенденция» тақырыбымен өткен «Ашық алаң» ток-шоуында талқыланды. Ток-шоуға облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Райгүл Байназарова, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж директоры Сәуле Ахметова, педагогикалық шеберлік орталығы Қызылорда филиалының аға менеджері Гаухар Тұяқбаева, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Ақпанбетов қатысты. Оларға жас мамандар, болашақ педагогтар білім саласында толғандырған сауалдарын жолдап, тұщымды жауап ала алды. Ал Р.Байназарова аудиториямен тиімді байланыс орнатып, жастарды қай уақытта да белсенді болуға шақырды. Оның ішінде болашақ педагогтары әр оқушыға өз баласындай жаны ашып, жақсы көруге үгіттеді. Сонымен бірге «Ашық алаңда» педагогтардың ант қабылдауы, мұғалімдердің оқушымен қарым-қатынасы, өзін-өзі ұстауы, этика мен эстетикасы да кеңінен айтылды.
"Өскен өңір" ақпарат