Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас мамандар жарысы

Жас мамандар жарысы

Қазіргі таңда ұстаз ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болуы тиіс. Себебі, ХХІ ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар ұлтты тәрбиелеу – әр мұғалімнің міндеті. Осы мақсатта №214 орта мектебінде жас мамандар арасында «Жаңа Қазақстан – жаңашыл ұстаз» тақырыбында білім сайысы өтті. Шараға аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Е.Абдешов, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі А.Ибраш және ардагер ұстаздар қатысты.
Сайысқа 30-дан аса мұғалім қатысты. Байқаудың басты мақсаты — жас мамандардың біліктілігін, жан-жақты өз кәсібінің шебері екендігін сынау арқылы, оларды іскерлікке, мәдениеттілікке, өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауға баулу. Сайыстың алғы сөзін мектеп директоры Б.Қалдыбек алып, жас мамандарға қолдау білдірді.
– Мұғалім болып мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өмір бойы білім алу, үйрену бұрынғыдан артпаса, кемімейді. Соның ішінде әріптестеріңнен үйрену, тәжірибе арқылы үйрену мықты құрал болмақ. Жас маман болып мектебімізге келген мұғалімдерімізге педагогикалық та, психологиялық та, әдістемелік те қолдау көрсету сол ұжымның ішіндегі тәжірибелі ұстаздарға жүктелген аса жауапты міндет, – деді мектеп басшысы.
Сайысқа қатысқан «SMART» және «BRAND USTAZ» командалары 5 кезең бойынша сынға түсті. Өз білімдерімен қатар өнерлерін де паш еткен мұғалімдер келген қонақтар мен ұжымды бір таңқалдырды. Сайыс барысында ұстаздар сабақта қолданылатын жаңа әдістермен бөлісті. Әділ қазы алқасы жас маманның жетістіктері мен әлсіз тұстарын да назардан тыс қалдырмады.
Әділ қазы алқаларының шешімі бойынша, қатысқан 2 топқа «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атынан және «Жастар ресурстық орталығы», ауыл әкімі мен мектеп директоры атынан алғыс хат табыс етілді.

Нұрай Қалышбекова
04 желтоқсан 2023 ж. 134 0