Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » РИЗЫҚТЫ АРТТЫРАТЫН РИЗАШЫЛЫҚ

РИЗЫҚТЫ АРТТЫРАТЫН РИЗАШЫЛЫҚ

Біздің күнтізбемізге он жылға жуық уақыт бұрын ғана енген Алғыс айту күнінің әлем елдеріндегі тойлану тарихы тым тереңде әрі тойлану сипаты да әрқалай. Әрқайсысы әр мезгілде атап өткенімен, барлығының түп негізінде адамдардың бір-біріне деген құрметі, ризалық сезімі жатыр.
Әу баста мереке Құдайға жеткілікті ырыздық бергені үшін, отбасы мен достарына ізгі қарымқатынасы үшін ризашылық білдіруден басталған. Диқандар күзде мол өнім жинағаны үшін табиғатқа, Жаратушыға алғыс айту үшін жиналған. Кейін АҚШ пен Канадада бұл мереке діни негізін жоғалтып, жалпыхалықтық сипат алды. «Вaq.kz» ақпараттық агенттігі жариялаған мәлімет бойынша Алғыс айту күні АҚШ-та сонау 1620 жылы басталған. Америка жағалауына екі ай бойы жүзіп келген ағылшын кемесінде болған жолаушылар жергілікті халықтың көмегімен әупірімдеп қыстан аман шығады. Олардан аң аулап, бұршақ, жүгері, асқабақ егуді үйренеді. Осылайша, жер ауып келгендер мереке ұйымдастырып, оған тұрғындарды шақырады. Мерекеге өздеріне көмек көрсеткен үндістерді көсемімен бірге шақырады. Кейін АҚШ-тың тұңғыш президенті Дж.Вашингтон 26 қарашаны – Ризашылық күні, ұлттық мереке деп бекітті. Қазір бұл елдегі осы күннің қалыптасқан дәстүрлері бар. Бір отбасының мүшелері үлкен үйге жиналып, мерекелік дастархан жасалады. Дәмді етіп пісірілген түйетауықты, мүкжидек тұнбасын, асқабақ бәлішін дастарханға қойып, бір-біріне құрметін білдіреді. Канадада тойланатын Ризашылық күнінің американдық мерекемен түбі бір болғанымен, кейбір өзгешеліктері бар. Алғаш 1578 жылы ағылшын теңіз саяхатшысы М.Фробишер өз сапарластарына мұзды жағалаудан аман-есен өткені үшін алғыс айтқан. ХІХ ғасырда бұл күн ұлттық мереке ретінде жарияланды. Канада парламенті 1957 жылы мерекені қазанның екінші дүйсенбісіне ауыстырды. Бұл кез егін жинайтын уақытпен сәйкес келеді. Ризашылық күнінде канадалықтар да түйеқұс пісіріп, картоп езбесін, жүгері қойып дастархан басына жиналады. Халық шерулетіп, жаппай қыдырады. Немістер де бұл мерекені күзде, қазанның алғашқы жексенбісінде атап өтеді. Мол өнім мен несібе бергені үшін туған жердің жомарттығына алғыс білдіруді фестивальға айналдырған. Бұл күні шіркеулер мен қалаларда, әсіресе ауылдарда салтанатты шаралар өтеді. Оған қатысушылар қолдарына жеміс-жидек, дәнді дақылдар, гүлдер ұстап шығады. Дастарханға құс еті қойылады. Еңбекқор жапон халқы бұл күнді еңбекке ризашылық күні деп белгілеген. О баста жұмысшылардың құқын қорғау үшін атап өтілген болса, қазір саяси сипаттан ада, ұлттық мерекеге айналды. Қытайлықтар Ризашылық күні жиын-терім маусымының аяқталғанына қуанып, астықты жинап алғаны үшін айдаһарға алғыс айтудан бастайды. Әдемі киініп, шеруге шығады. Кешкілік айға қарап, жақсылық, молшылық болуын тілейді. Беларусь халқы болса, бұл мерекені егін жинау мейрамы деп қабылдап, оған арнайы қаражат бөліп, республика көлемінде атап өтеді. Ризашылық мерекесі Кариб аралдарына қарасты Гренадада демократиялық билікті қалпына келтіруге көмектескен американдық солдаттарға құрмет ретінде, Батыс Африкадағы Либерияда молшылық сұрау үшін, Голландиядағы Лейден қаласы тұрғындары АҚШ-қа алғаш барған ата-бабаларын ұлықтау үшін тойлайды. Дөңгеленген дүниенің әр қиырындағы елдердің салтдәстүрімен түрленген бұл мереке тағылымға бай. Әсілі «еңбекке, туған жерге, адамдардың бірбіріне ризашылығы ризықты арттырады» деген сенімнің астарында шындық бар. Бір айырмашылығы, аталған елдердің көбінде қолайлы табиғат құбылысы үшін тойланатын болса, бізде мың сан адамға жасалған саяси қысым кезінде қамқорлық көрсеткен жұртқа алғыс айтып, сол қиындықтан бірге өткен халықтардың бір-біріне риясыз ықыласы мен сүйіспеншіліктерін білдіруге арналған. Қиналғандарға қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын сатпайтын, құшағына алған қанша жұрт қайырымдылығын айтып, тәу етіп жатса масаттанбайтын халқымыз үшін бұл басқа елдерде бар болғандықтан белгіленген мереке емес, қажеттілігін уақыттың өзі талап еткен, ХХ ғасырдың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халықтар жадын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке. Десе де бұл күннің қолдану аясы тек ұлт өкілдері арасындағы ғана ризашылық білдірумен шектелмеуі тиіс. Алғыс айтуды ет жақындарымыздан бастаған жөн. Күнделікті күйбең тірлікке алданып, өзіміздің алаңсыз өмір сүріп жүргенімізге себеп боп жүрген адамдарға мән бере бермейміз. Сондықтан ең болмағанда осы күнді пайдаланып, жарымызға, ә к е м і з б е н а н а м ы з ғ а , бауырларымызға, баламызға, көршіміз бен достарымызға бар болғаны үшін алғыс айтып, құшағымызға қыссақ қандай жарасымды. Алыста жүрген жанға бір ауыз жылы лебізбен жолданған хат барлық ренішті жойып, қуаныш сыйлатыны анық. Осы бір үрдісті жазылмаған заңдылыққа айналдырсақ, телефонға телмірген та - лай көздер қуаныштан балбұл жанып, заманның қатігез ақпараттарынан тас боп қатқан көңілдердің жібитіні сөзсіз.

Асылым ДҮЙСЕНБАЙ
01 наурыз 2025 ж. 46 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9285)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (9284)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (9283)

01 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31