Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СІЗ КІМГЕ АЛҒЫС АЙТАР ЕДІҢІЗ?

СІЗ КІМГЕ АЛҒЫС АЙТАР ЕДІҢІЗ?


Біздің санамызда көктем мезгілі жаңарудың, өзгерудің, қайта түлеудің бастауы ретінде қалыптасқан. Санаулы күндер қалған осы бір құбылысты ел асыға күтіп жүргендей. Қаһарлы қыстан аман-сау шыққанына шүкірлік етіп, шуақты көктемнен жақсылық, қуаныш күткеннен болар, күллі жұрт көктемге, асығып, сағынып жетеді. Еліміз үшін мерекенің бастауы да осы мезгіл десек артық болмас. Көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту күнін жұрт болып тойлап жатқанымызға биыл төртінші жыл.

Елбасы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекесі қарсаңында Алғыс айту күні туралы «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын. Алғыс айту күні – бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қас­иет­­­­ті қазақ жері мен қонақжай қазақ­­ халқына терең тағзымның белгісі. «Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілі, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасы қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда қазақтар ғана тұратын, қабылдаған да солар болды. Өздері де мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады», – деп еске алады Елбасы Н.Назарбаев.
Өзге елдерде мұндай мереке бар ма, болса қандай екен деп басқа елдерді зерде­ледік. Атаулары әртүрлі болғанымен, түпкі мағынасы туыстас мерекелердің пайда болу тарихына үңілсек, ұқсастық та, айырмашылық та табуға болады. Айталық, Америкада бағзы замандардан бері аталып өтетін ризашылық білдіру күнінің (День благодарения) мерекеленуі рождестводан немесе жаңа жылдан кем түспейді. Аңыз бойынша, Америка құрлығын отарлаушылар 1621 жылы қаһарлы қыстың құрсауында қалып, аштыққа ұшырайды. Сонда жергілікті үндістер аяушылық танытып, бірнеше күркетауық әкеп, оларды тамақтандырады. Мұны айналадағы басқалар да қоштап, дүйім жұрттың қаһар­лы қыстан аман-есен өтуге себеп­­ші­ болған деседі. Сол кезден бастап бұл күн аман-есен қалғандары үшін Жаратушыға құлшылық ету және көмек қол­ын созғандарға ризашылық білдіру күні ретінде аталып өтеді. 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашылық білдіру күнін «ұлттық мереке» деп жариялайды. Қазір бұл мерекеге мемлекет деңгейінде, әр отбасы мұқият дайындалады. Көшелерде шеру өткізіліп, үйде дәстүрлі тағамдар, солардың ішінде, міндетті түрде күркетауық қойылуы халықтың өткен жолын, тарихын ұмытпағанын, аштықтан аман алып қалғандарға ризашылығын білдіруін көрсетеді. Осы секілді Израиль елінде негізгі мақсаты Құдайға құлшылық етіп, мол астық бергеніне ризашылық білдіру болып табылатын астық ору мерекесі бар. Оның идеясы күздің соңына қарай мол астық беріп, Израиль халқына қамқорлық жасағаны үшін Жаратушыға ризашылық білдіру болып табылады. Осыған ұқсас мерекелер Барбадоста, Жапонияда, Беларусьте, Қытайда басқа да көптеген елдерде бар. Бір айырмашылығы, аталған елдердің көбінде қолайлы табиғат құбылысы үшін тойланатын болса, бізде мың сан адамға жасалған саяси қысым кезінде қамқорлық көрсеткен жұрт­қа алғыс айтып, сол қиындықтан бірге өткен халықтардың бір-біріне риясыз ықыласы мен сүйіспеншіліктерін білдіруге арналған.
Қиналғандарға қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын сатпайтын, құшағына алған қанша жұрт қайырымдылығын айтып, тәу етіп жатса масаттанбайтын халқымыз үшін бұл басқа елдерде бар болғандықтан белгіленген мереке емес, қажеттілігін уақыттың өзі талап еткен, ХХ ғасырдың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халықтар жадысын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке.
Бұл күннің қолдану аясы тек ұлт өкілдері арасындағы ғана ризашылық білдірумен шектелмеуі тиіс. Алғыс айтуды ет жақындарымыздан бастаған жөн. Күнделікті күйбең тірлікке алданып, өзіміздің алаңсыз өмір сүріп жүргенімізге себеп боп жүрген адамдарға мән бере бермейміз. Сондықтан, ең болмағанда осы күнді пайдаланып, жарымызға, әкеміз бен анамызға, бауырларымызға, баламызға, көршіміз бен достарымызға бар болғаны үшін алғыс айтып, құшағымызға қыссақ қандай жарасымды. Алыста жүрген жанға бір ауыз жылы лебізбен жолданған хат барлық ренішті жойып, қуаныш сыйлатыны анық. Осы бір үрдісті қазірден бас­тап қолға алып, жазылмаған заңдылыққа айналдырсақ экранға телмірген талай­ көз­дер қуаныштан бал-бұл жанып, заманның қаты­гез ақпараттарынан тас боп қатқан көңілдердің жібитіні сөзсіз. Сіз кімге алғыс айтар едіңіз, құрметті оқырман?

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ.
26 ақпан 2019 ж. 3 843 0