Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кассациялық сот-халықтың сотқа деген сенімін нығайтады

Кассациялық сот-халықтың сотқа деген сенімін нығайтады

Соңғы жылдары сот саласы көптеген өзгеріс пен жаңашылдыққа бет бұруда. Жақында заң тағы бір жаңашылдықтармен толықты. Соның бірі – заңға енгізілген өзгерістерге сай кассациялық соттардың құрылуы.
Ағымдағы жылдың 1 шілдеден бастап Астанада 3 кассациялық сот өз жұмысын бастағалы отыр. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев елдегі әкімшілік әділетті күшейтіп, қарапайым азаматтардың құқықтарын әділетті, сапалы қорғауды айтып келеді. Жаңа үлгідегі кассациялық соттарды енгізу жалпы халықтың сұрауы десе де болады. Себебі, азаматтар бүгінгі күні тәжірибеде қолданылып отырған «Таңдап қарау кассациясына» көңілдері толмайтындарын үнемі айтып келетін. Бұл кассациялық сот – жоғары сот инстанциясы, оның басты мақсаты – сот шешімдерінің заңдылығын қайта қарау. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша бірінші және апелляциялық соттардың қабылдаған сот актілерін қайта қарайды.
Бұл жаңашылдық қарапайым халықтың құқықтарын қорғауға, бостандықтарын сақтауға зор әсерін тигізеді деп күтілуде. Халықтың сотқа деген сенімін нығайтады. Және де реформаның негізгі мақсаты – әрбір сот сатысының тиімділігін арттыру. Себебі сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі сот сатыларының тиімді жұмыс жасауына байланысты. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап кассациялық соттардың енгізілуімен кассациялық өтініштерді алдын ала қарау тәртібі жойылады. Бұрын кассациялық шағымдар тікелей Жоғарғы сотқа жолданса, енді бұл мәселе жаңадан құрылатын институттың міндетіне көшеді. Бұл сот жүйесі төменгі инстанциялар шығарған сот шешімдерінің нормаларының сақталуына баса назар аударып, заңдардың дұрыс қолданылуымен түсіндірілуін қадағалайды. Соңғы шешуші инстанция ретінде әрекет етеді. Демек, төменгі сатыдағы соттың шешімі заңсыз немесе негізсіз деп танылса, кассациялық сот оның күшін жойып, істі соттың талқылауына жіберіп немесе түпкілікті шешім қабылдайды. Істі кассациялық сотта қарағаннан кейін ол шешімге шағымдануға мүмкіндік болмайды. Сол себепті кассациялық соттың шешімі ол түпкілікті нүктесі қойылған шешім болып табылады. Кассациялық сотта істер үш судьядан құрылған алқаға жолданып, алты ай ішінде қаралады. Сот талқылауы тараптардың қатысуымен ауызша өтеді.
Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік береді. Ең бастысы халықтың қалауына сай қолға алынған реформа халықтың сотқа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз.

Ж.Т.Сарбасова,
Шиелі аудандық сотының судьясы
20 ақпан 2025 ж. 60 0