Үш бірдей тәуелсіз кассациялық сот өз жұмысын бастайды
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық сот жұмыс істей бастайды.
Естеріңізде болса, өткен жылы президентіміз Қ.К.Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 5 шілдедегі № 109-VIII Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойған болатын.
Кассациялық сот-төменгі органдар шығарған сот шешімдерін қадағалайтын және түзететін сот жүйесінің бір түрі. Істерді кассациялық сатыдағы сотта қарау белгілі бір негіздер бойынша ғана мүмкін болады. Кассациялық соттың негізгі міндеті- сот шешімдерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуы мен түсіндірілуінің сақталуын қамтамасыз ету. Ол істің нақты және дәлелді жақтарын қарастырмайды, тек заңның дұрыс қолданылуын заң жүзінде тексерумен ғана шектеледі. Кассациялық сатыдағы сот даулы іс материалдарын егжей-тегжейлі зерделемей, сот шешімдеріндегі нормалардың сақталуын тексеруге баса назар аударады.
Кассациялық тәртіптегі істер алдын ала қаралмай, үш судьядан тұратын алқаға тікелей жіберілетін болады. Кассациялық сот республикалық деңгейде жұмыс істейді және ондағы істердің қаралу мерзімі алты айдан аспайды. Сот талқылауы тараптардың шақырылуымен ауызша жүргізіледі.
Сонымен қатар, сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды; сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды; заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Кассациялық соттардың құрылуымен Жоғарғы Соттың рөлі де өзгереді, ол сот тәжірибесінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталады.Жоғарғы Сотта сот актілерін қайта қарау Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы бойынша ерекше жағдайларда мүмкін болады: егер оларды сот тәжірибесіне қайшы жергілікті және кассациялық соттар қабылдаған болса; құқықты дамыту мүддесінде қайта қарауды талап етеді.
Ұсынылып отырған жаңа тетік Жоғарғы Сот төрағасының өкілдік институтын ауыртпалықсыз жоюға мүмкіндік береді.
Шиелі аудандық сотының
судьясы Д.Қ.Исабек