Кассациялық сот ‒ әділетті Қазақстанның айнасы
Әрбір демократиялық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ‒ елде заң үстемдігін орнату, ел азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету екені даусыз.
Ал сот ісін жүргізу мәселесі ең өткір, күрделі және өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр сот сатысы жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты.
Жуырда ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 5 шілдедегі № 109-VIII Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойып, аталған Конституциялық Заңға сай, еліміздің астанасында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот құрылатыны мәлім болды.
Ең бастысы, бұл кассациялық орган толық тәуелсіз болады. Сонымен бірге істердің барлық санаттары бойынша арыздарды кассациялық сатыда алдын ала қарау сатысы алынып тасталуы да басты мәселе. Себебі бүгінге дейін істерді бір судьяның қарап, пайымдауымен алқа қарауына жіберілмей келгені белгілі.
Сонымен бірге жаңа заңға сәйкес Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар ғана жүзеге асырады. Жоғарғы Соттың негізгі мақсаты сот тәжірибесін нақтылау және біркелкілігін қамтамасыз ету болады. Осыған байланысты Жоғарғы Сот судьясының бастамасы бойынша жоғары сот органы жергілікті соттардың шешімдерін ерекше жағдайларда ғана, яғни, егер сот тәжірибесіне қайшы келетін шешімдер қабылданса және құқықты дамыту мүддесінде қайта қарауды талап етсе ғана қайта қарай алады.
Осы орайда, кассациялық соттардың құрылуы бойынша бірқатар сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Кассациялық соттардың істерді қарау тәртібі мен мерзімі қандай?
Кассациялық тәртіптегі істер алдын ала қаралмай, үш судьядан тұратын алқаға тікелей жіберілетін болады. Кассациялық сот республикалық деңгейде жұмыс істейді және ондағы істердің қаралу мерзімі алты айдан аспайды. Сот талқылауы тараптардың шақырылуымен ауызша жүргізіледі.
Кассациялық соттың өкілеттіктері қандай болмақ?
Кассациялық сот, сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды; сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды; заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Кассациялық соттың құрылымы мен құрамы қандай және оларға қойылатын талаптар қандай болмақ?
Кассациялық сот төрағадан және судьялардан тұрады. Кассациялық сот судьяларының заңгерлік өтілі кемінде 18 жылдан кем болмауы, сонымен қатар судьялық тәжірибесі кемінде 8 жыл болуы қажет. Демек, кассациялық сотта тәжірибесі толысқан, кәсіби шеберлігі шыңдалған судьялар ғана қызмет атқаратынын аңғаруға болады.
Сот беделі – мемлекеттің беделі. Мемлекеттің бедел-абыройы қоғамның дамып гүлденуінің алғышарты. Ал халыққа керегі – тәуелсіз және әділетті сот.
Н.Н.Бекетаев
Шиелі аудандық сотының
төрағасы,