ӨМІРІН ӨНЕРМЕН ӨРНЕКТЕГЕН
«Жақсының аты өшпейді» деседі. Рас екен. Шиелі – тума таланттар мен дауылпаз дарындардың құтты мекені, қара шаңырағы. Осынау киелі топырақтан талай өрелі өнер иелері шығып, қазақ көгінде ән болып қалықтады, қияға шарықтады. Солардың бірі – өн бойына сан өнерді тоғыстырған әнші, сазгер Әлімхан Оспанов еді.
Жуырда «Арман» мәдениет үйінде әншінің 70 жылдығына орай «Әні мен сәні үйлескен Әлімхан» атты еске алу кеші өтті. Кештің алғы сөзі ауданның «Құрметті азаматы», білім саласының үздігі Н.Палымбет, білім саласының ардагері Р.Құдайбергенов, «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Ж.Баймұратоваға берілді. Сондай-ақ замандастары А.Алтынбеков, сыныптасы О.Ақпамбетов, Т.Бектегенов, группаласы Ж.Башарова «Айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жан-дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталман шебері еді десек артық айтқанымыз емес» деп естелік сөздерді айтты. – Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істер қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін адамдар бар. Сондай келбетімен өмірде есте қалатын тұлғаның бірі Әлімхан Оспанов болатын. Әлімхан ағамыз айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жан-дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталман шебері еді десек, артық айтқанымыз емес. Нағыз өз ісінің шебері ретінде өнерге берілген азамат ел есінде мәңгі сақталады, – деді әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Әбілқасымқызы. Сонымен қатар шарада әнші, сазгер Сәрсенбек Баймағамбетов, Қазақстан Респуб ликасы мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіп өткен күндерден естелік айтып көздеріне жас алды. Мұнан соң сахнада Ә.Оспановтың «Келші қарғам», «Ақ босаға», «Жеңеше-ай» «Қарындасым, Қарлығашым», «Тырналар», т.б әндері орындалып, көрермен көңілінен шықты. Әлімхан Орынбайұлы – 20-ға жуық әннің авторы. Ол 1992 жылдан 1999 жылға дейін аудандық балалар әуез мектебінің директоры қызметін атқарды. Еліміз тәуелсіздігін алған сол бір қиын жылдарда аудандық музыка мектебінің жабылып қалмауына, өнерге қызмет жасап отырған ұжымның бірлігін сақтауына зор үлесін қосты. Басшылықпен қоса әншілікті, сазгерлікті, ақындықты да қоса алып жүрген елге сыйлы азамат болды. Кеш соңында «Арман» мәдениет үйінің директоры Н.Шалекеева келген қонақтарға алғысын білдірді. Сонымен бірге мәдениет саласының майталманы Әлімхан Оспановтың өнердегі әріптестері, аға буын өкілдері жадында қалған естеліктерімен бөлісті. Оның мәдениет саласын өрге сүйрегенін айтып, мақтан тұтса, енді бірі болмысымен ерек, жайдары, жаймашуақ мінезімен менмұндалап, тұлғалық қасиетімен таудай болып көрінетінін жарыса жеткізді. Осылайша, қарапайымдылығымен халқына сүйікті болған сазгерді еске алу кеші жоғары деңгейде өз мәресіне жетті.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ