БҰҚАРАНЫ БІРЛІККЕ БАСТАҒАН БАЙСЫН
Өткенге көз жүгіртсек адамдық қасиеті мен қажыр-қайратының арқасында еңбек, ерлік атаулының өнегелі үлгісін көрсетіп, өзі өмір сүрген дәуірмен бүгінгі болашақтың арасына өткел салып кеткен арда азаматтарды тізіп шығуға болады. Сондай асыл бабаларымыздың бірі көрнекті қоғам қайраткері – Байсын Көлдейұлы бабамыз.
Байсын Көлдейұлы Шиелі өңірінде 1835 жылы дүниеге келіп, Жаңатұрмыс ауылына жақын Дуана көпір деген жерде қайтыс болған. Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан сөзге шешен, көпшіл, білімге ынтық болған деседі. Әулетінің әлеуметтік тұрмысына белсене араласып, халық алдында беделді болған. Бірақ мал, дүние жинамаған. Қартайғанша ортаң қол ауқатты отбасы болып, барға қанағат еткен кісі. Байсын баба білімі, талабы, таланты бола тұра, билікке таласып, қызметке ұмтылып мансап қумаған. Ол әрдайым бұқара халықтың сөзін сөйлеп, қолынан келгенше кедей-кепшіктің жоқтаушысы болған. Бірде, бір мыңғырған малының арқасында «байеке» атанып жалпаңбай құрметке ие болып, шалқып тасып жүрген бай замандасы: «Байсеке, осы бақыт құсы деген не өзі?» – деп сұрағанға ұқсайды. Сірә, әлгі бай өзінің байлығымен, дәрежесіне лайық мақтау сөз естігісі келсе керек. Сонда Байсын тұрып «Бақыт құсы деген, бір сандырақ болады деп естідім. Сол сандалып жүріп, бірде таздың басына, бірде пұшықтың мұрнына, соқырдың көзіне қонатын көрінеді» деп жауап беріпті. Айтқыш ауыздан шыққан ащы сөздің астарын түсінген замандасы жым болып, жымиып күле бергенге ұқсайды. Жасынан зерек, ширақ, әрекетшіл болып өскен Байсын туған ағасы Томанға ілесіп, 1853 жылы Ақмешіт қамалын Қоқандықтардан қорғау соғысына қатысады. Ол кезде Сыр бойы қазақтары Қоқан, Хиуа хандарының отарында болған. 1840-1852 жылдар аралығында қазақ шаруаларының Жанқожа батыр, Тұрғанбай датқа бастаған көтерілістері болған. Сол тұста қазақтармен Орта Азияға кірген орыс патшасының әскерлерін Сыр қазақтары қуана қарсы алған. 1853 жылы генерал Перовский үш мың әскерімен Ақмешіт қаласын қоршауға алғанда Қоқан басшыларын қууға қазақ жігіттері белесене ат салысқан. Қыпшақ қолын Нияз батырдың басқарғаны тарихтан белгілі. Ағайынды Томанмен Байсында осы Нияз бастаған атты әскер ішінде болған. Сол кезде, Байсын Көлдейұлы 18-19-дағы жас жігіт екен. Қыпшақ жігіттері Жөлек, Жаңақорған, Түркістан, Шымқорған, Созақ бекіністерін азат белсене ат салысқан. Осындай ұрыстардың бірінде орыстың командир офицері жараланып, оны Томан атына мінгестіріп, жау ортасынан аман алып шығады. Ұрыстарда ерлігімен, шолғыншылық, жер танымалдық қабілетімен көзге түсіп жүрген Томанның бұл ерлігі орыс әскер басшысы М.Г.Черняевтың өзін тәнті етеді. 1865 жылы Қоқан хандығының басты қамалы Ташкент құлайды. Бір ұрыста Томан Көлдейұлы оққа ұшып, қаза табады. Жалғыз қалған Байсын 1867 жылдан Түркістан генерал-губернаторлығының орталығына айналған Ташкент қаласында қалып қояды. Генерал Черняевтың Байсынға өзі қамқорлық жасап, оқытады. Байсын сол кездері Ташкентте қазы болған деседі. Елдегі ағайын-жұрттың шақыруымен Байсын 1887- 1878 жылдар шамасында туған жеріне қайтып оралады. Оның осыдан кеиінгі өмірі түгелдей қалың бұқараның арасында өтеді. Кемел ақыл, әділеттігі мен шешен тілінің арқасында ортасында зор беделге ие болған. Байсекең өзі тілемесе де сол тұстағы қазақ ауылында жиі болып тұратын жесір дауымен жер-су таластарына араласпай отыра алмапты. Қоқан басқыншылары Әулие Ата, Созақ, Шымкент төңірегінен құлдыққа алып кетпекші болған, бірақ қашқанда ата-анасыз, баспанасыз тұл жетім қалған Ұлы жүз, Найман, Кіші жүз балаларын қамқорлыққа алып, елге асырап алуға насихаттап отырған. Шиелі маңында өмір сүрген Досбол, Балаби, Бұдабай секілді Байсын атамыз да әрдайым биліктің емес, бұқара халықтың мүддесін қорғаған. Басынның кейінгі ұрпақтар жадында қалған ең зор еңбегі деп – біздің ғасырымыздың басында оның суармалы егіншілік пен отырықшылдықтың артықшылығын айтып, аудан көлемінде зор ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізуін айтуға болады. Сол тұстағы елдегі іскер, пысық, сөзі өтімді адамдарды қасына жинап алып, кейінірек «Шиелі өзегі» атанып кеткен үлкен каналды қалдырып, ел игілігіне пайдалануы еді. 1902- 1903 жылдары қазылған осы канал кезінде ең зор суландыру жүйесі болған. Байсынның ұйымдастырушылық еңбегін үкімет бағалап, бүкілодақтық «Бас мұраб» күміс медалімен марапаттайды. Байсынның тікелей басшылығымен 1910 жылдарға дейін аудан төңірегінде «Арғын арық», «Найман арық», «Абыз арық», «Шегір арық», «Орыс арық» (теміржол вокзалына дейін) каналдары қазылған. 1916 жылы Шиеліде «Таштоп» атты мекеме құрылып, бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқанда сексеуіл томарларын дайындаған. Міне осы Таштоптың ашылуына мұрындық болып, қазақ кедейлерінің біразына қарын тойдырарлық жұмыс тауып беріп, Шиелі жігіттерін майданнан бронмен алып қалған. Олар Сыр бойынан сексеуіл томар дайындап паровозға томар тасып, 1916 жылдан 1922 жылға дейін жұмыс істеген. Жұмысшылар 1000 кг томарға, 400 кг шикі тары немесе мата, пұлдай алып отырған. Домалақ Тоғайға дейін теміржол тартылып, соның бір тармағы біздің «Жаңатұрмыс» ауылының қақ ортасымен (Көтерме көшесі бойымен) өткен. Шиелінің атын қайтарып берген де – Байсын атамыз. 1904 жылы Шиелі вокзалы салынып, Шиеліге патша генералы Скобеловтың аты беріледі. Теміржол бойындағы ғимараттар мен бұрынғы Гигант колхозында алғашқы салынған қызыл кірпішті ғимараттардың айналасында, көшеттеп отырғызған шие талы көп өседі екен. Су жағасында өсіп тұрған қызыл шиеге көзі түскен Байсын атамыз: «Жарықтық, келешекте жемісті, миуалы жер болсын, бұл қонысты Шиелі атасақ жарасады» десе керек. Дуалы ауыздан шыққан сөз 1919 жылы шынға айналып, елді мекен Шиелі атанады. 1917 жылы Қазақ-Қырғыз жалпы съезі Қазақ Автономиясын құру жайлы шешім қабылдап, Түркістан қаласында Алаш съезіне шақырады. Алаш көсемі Мұстафа Шоқайдың жеке тапсырмасымен Байсын ақсақал Сырдария қыпшақтарының атынан арнайы делегат болып барады. Байсын атамыз көзі тірісінде халықтың құрметіне бөленген кісі. 1909 жылы «Жетікөл» маңында (қазіргі Сырдария ауданы) Әлмембет Тұрсынбайұлы дүниеден өткенде, ескі ғұрып бойынша елге қадірлі адамның басын Байсын атамызға ұстатыпты. Байсын дүниеден өткен соң да оның артында қалған ұрпақтары атын қастерлеуден танбады. 1921 жылы Сыр бойындағы «Қотыр қыстау» деген бабалар қыстағында үлкен асы берілген. Ас өте ұйымшылдықпен, ауызбіршілкпен өткен. Ел ішінде әлі күнге дейін Байсынның асы туралы қызықты әңгімелер айтылады. Ол кезде жүзге жуық киіз үй тігіліп 40-50 бас жылқы, 100-ден астам қой сойылып, саба-саба қымыз дайындалған. Келген қонақтарға «ас-табақты» тарату салт бойынша ер жігіттер әр үйге атпен таратып, құда, жекжат, күйеу, сыбағаларына дейін пысықтап отырған дейді. Алыстан келген қонақтар мен әр руға арнайы үй тігіліп, мол сый-сияпаттар жасалған. Қысқасы, Байсын Шиелі жерінің шежіресінде, кейінгі ұрпақтың есінде қалуға лайықты тұлға. Үкімет тарапынан, ақпарат құралдары тарапынан қоғамға, халыққа қызмет еткен азаматтар барынша насихатталса, келешек ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз. Биыл Байсын Көлдейұлының туғанына 190 жыл толады. Осыған орай бабамыздың мерейтойын аудан жұртшылығы болып кең көлемде атап өтуге шақырамыз.
Қуанышбек БАЙМАҒАМБЕТОВ,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»