ТОЙ ТУРАЛЫ...
Бүгінгі уақыт – қазақ тойының шырқау шегі десек, қателескеніміз емес. Тойды халықтың қазынасы, береке-бірліктің бастауы ретінде қабылдайтын қазақ үшін, сонау ерте дәуірден бастап тойдың ерекше аталып өтіп келе жатқанын тарих беттерінен оқып жүрміз. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, ырғапжырғап мұрат-мақсатқа жетіпті» деген сөзді де халық ауыз әдебиетінен жиі кездестіреміз. Осыдан-ақ ықылым заманнан ұлтымыздың әрбір қуанышқа бей-жай қарамай, ұланасыр той жасағанын аңғаруға болады. Тойда ат шаптырып, ұлттық ойындарымызды ойнатып, дәртүрімізді дәріптеп, салтымызды сабақтап, рухани болмысымызды жаңғыртатын қуаныштың адам баласына беретін пайдасы да орасан зор. Ал бүгінгі дәуірдің тойы қалай өтуде? «Заманына қарай заңы өзгереді» деп қазақы тойымыздың түпкі мән-мағынасынан жырақтап, қадірін жоғалтып алған жоқпыз ба?
Қазақтың тойы – мәдениеттің айнасы, тәрбиенің құралы. Бүгінде кез келген адам той жасауға қауқарлы, оған мүмкіндік те көп. Тек қалтаңда ақша болса болғаны, зәулім сарайды жалға алып, түрлі шоуды толтырып, жердегі жұлдыздарды аспандағы бағаға шақырып, дүркіретіп өткізу болады. Өкінішке қарай той жасауға қаражаты жетпегендер «кім не дейді?» деген көзқарастан шыға алмай, қатарынан қалмауды көздеген жандар, жалған намыспен банктерді жағалап, бес сағаттық тойға, бес жыл төлейтін несие рәсімдеп атқарып жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Қазақ халқы әуелден барға қанағат, жоққа сабыр еткен. Хәкім Абай «Бес асыл істің бірі – қанағат» екенін айтады. Десе де қазіргі қоғамның осындай игі қасиеттерден алшақтап бара жатқаны елін сүйген әрбір азаматты алаңдатары анық. «Ауруын жасырған өледі» демекші, тойдың да қазір түр-түрлісі шығып, келеңсіз тұстары көбеюде. Санаға сыймайтын салттар, дінімізбен қазақы болмысымызға қайшы өрескел әрекеттер өріп жүр. Оны көрген кей үлкендердің «қойындар!» деудің орнына, алақан соғып отырғанын көріп қарның ашады. Тойда орынсыз ойын ойнатып, жасы кіші мен үлкенді жұрт алдында билетіп, күлдіремін деп, бүлдіріп жүрген асабаларды да ғаламтор желісінен жиі байқаймыз. Тіпті олар қазір сұранысқа ие. Атақты Досбол шешеннен «Қол бастау қиын ба, әлде жол бастау қиын ба?» деп сұрағанда: «Қол бастау қиын емес – көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес – соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтса, мереке қылады, таппай айтсаң, келеке қылады» деген екен. Міне, көп алдында көсіле біліп, тойыңыздың мәнін ашып, сәнін келтіретін – азулы асаба. Той тізгіндеушінің басты құралы – ұшқыр ой, тапқыр сөз. Яғни, ауыз әдебиеті мен қазақ әдебиетіне қанық, тарих тағылымын терең ұғынуы шарт. Бәріне топырақ шашудан аулақпыз, тойда дәстүрімізді нақышына келтіріп насихаттап жүрген асабалар бар. Десек те, бір әулеттің жылдар бойы күткен тойын, шоуға айналдырып, шетелдің әніне есірте билетіп, қуанышты бөлісуге келген мейманның масқарасын шығарып, көңіліне тиер сөз айтып жүрген той тізгіндеушілерде жоқ емес. Әлеуметтік желі арқылы, баспасөз беттерінде қанша ескертулер мен кеңестер айтылса да, мән бермей, құлақ аспауы расымен өзекті мәселеге айналды. Себебі қазір ғаламтор қарыштап дамыған уақыт. Телефонға телмірген жастарымыз соларға қарап, жасаған әрекеттерін қайталап жүрмесіне кім кепіл!? Керісінше тойымызда жиналған жұрт алдында өнегелі сөзімізбен зілсіз қағытпа қалжыңдарымызды айтып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ойындарды ойластырып, салтымызды сабақтасақ, жеткен жетістіктерміздің бірі болары сөзсіз. Қазаққа қазақ жаны ашымаса, сырт елден біреу келіп мынауың дұрыс не бұрыс деп айтпайтыны тағы бар. Қайта күле қарап, сынап, мінеп кетеді. Сондықтан көпшілік көз тіккен қуаныш тойымызда кешегі атақты Жамбыл, Кенен, Шашубай, Сүйінбай, Нұрпейіс, Тұрмағамбет, Шал ақын сияқты адуында ақын-жырауларымыздың өсиетімен өрнектелген сөздерін ұрпаққа үлгі етсек нұр үстіне нұр болар еді...
М.ҚАЙРАТҰЛЫ