Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырқынан шығарудың құпиясы

Қырқынан шығарудың құпиясы

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде немесе тарихында «отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады» деген сөзді жиі кездестіреміз. Осыдан-ақ ықылым заманнан ұлтымыздың қуанышқа бейжай қарамай, ол үшін ұланасыр той жасағанын аңғаруға болады. Бұл үрдіс бүгінгі таңда да жалғасын тауып келеді. Сәби дүниеге шыр етіп келген сәттен ­бастап атап өтілетін қуаныштар аз емес. Мәселен, шілдехана, бесік той, тұсау кесер, тілашар, сүндет той тағы бар. Олай болса, біздің бүгінгі мақалаға арқау болатын тақырып баланы қырқынан шығару туралы болмақ.
Қырқынан шығару дәстүрінің пайда болуына баладан бөлек, ананың да денсаулығы себеп болған. Өйткені, медицина қызметкерлерінің айтуынша, жас босанған ана әлсіз, әлжуаз болады. Сол себепті жас босанған ананы да қырық күн бойы жылы ұстап, ыстық тамағын дайындап, жағдайын жасаған. Ал қырық күн ішінде ол өз-өзіне келіп, әл жинайды екен. Сол сияқты жаңа туған нәрестенің де қырық күн ішінде ет пен терісі бірігіп, жарыққа көз жүгіртіп қарай бастайды. Үлкен апа-әжелеріміз мұны әу бастан білген. Сондықтан қырық күнге дейін жас нәрестенің қасынан бір елі кетпей, сыртқа шығармай, бөтен көзге көрсетпей ұстаған және сабынды, тұзды суға алма кезек шомылдырып отырған. Қалыптасқан салт-дәстүрді қалай орындалатыны туралы көпбалалы ана Сәуле Тоқтыбаева:
– Бала – әрбір ата-ананы өмір сүруге қанаттандыратын алып күш. Сондықтан оның басқан әрбір қадамы мен тәлім-тәрбиесі, дені сау болып өсуі үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ал баланы қырқынан шығару дәстүрінің қалай орындалатынын айтар болсам, ең бірінші таза, адал болсын деген ниетпен ыдысқа күміс әшекейлер салып, 40 қасық жылы су құяды. Ал күмісті қолдану себебі, қазақ «Алтын – сәндікке, күміс – емдікке» деп күмісті пайдалы деп есептеген. Одан соң 40 түрлі тілек жаудырып, баланы мұқият шомылдырады. Осы тұста сүт тырнағы мен қарын шашы алынады. Және әрбір шаңырақта іңгәлаған сәбидің дауысы естілсін деген ниетпен суға салынған әшекейлерді келген аналарға бөліп береді. Ал балаларға тиындарды суға салмай-ақ таратады. Өйткені, қолдан-қолға өтіп жүрген зат болғандықтан, түрлі микробтар жұғады, – дейді.
Тағы айта кететін жайт, ер бала мен қыз баланы қырқынан шығарарда айырмашылық бар. Мысалы, ер бала ерте әрі тез жетілетіндіктен қырық күнге толмай, қырқынан шығарып жібереді. Ал қыз баланы керісінше байсалды, байыпты болсын, жеңіл мінезді болмасын әрі қалың малы көп болсын деген ниетпен туғанына нақты қырық күн толғанда ғана қырқынан шығарады. Сонымен қатар қырқынан шығару дәрежесі кез келген әйелге бұйыра бермейді. Яғни көпті көрген, көпбалалы, ел аузында жүрген үлгі боларлықтай әжелер осы жауапкершілікті өз мойнына алады. С.Мэлсқызы да баланы қырқынан қалай шығаруды, қалай бағуды өзінің екінші анасынан үйренгенін айтады.
– Әрине, аталған дәстүрді басында мен де білмедім. Десек те енемнің көмегімен балаларымды қырқынан шығардым. Аллаға шүкір, көпбалалы анамын. Қырқынан шығарып болған соң, үлкендеріміз бата береді. Маған ең ұнайтыны да осы. Өйткені, үлкендердің айтқан әрбір ақылы, сөзі бізге тәлім-тәрбие. Осы тұста жас аналарға балаға қатысты әрбір салт-дәстүрді мұқият орындау керектігін айтқым келеді, – деп сөзін қорытындылады ақ жаулықты ана.
Бүгінде кейбір дәстүрлердің ұмытылып бара жатқаны белгілі. Қуантарлығы қырқынан шығару дәстүрі халық санасында әлі күнге дейін бар. Мүмкін бұл осы дәстүрдің ерекшелігі мен тағылымы мол болғандықтан шығар.

Фариза КЕНЖЕШОВА
23 қараша 2019 ж. 1 972 0