БАЛАНЫ ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ ЖӨНІ МЕН ЖОСЫҒЫ
Бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі – шілдехана, ат қою, бесікке салу сияқты бала өмірінде айрықша орны бар тойлар туралы өткен сандарымызда айттық. Бала өміріндегі тағы бір маңызды шақтың бірі – сәбиді қырқынан шығару.
Қазақ үшін қырық санының маңызы
Баланы қырқынан шығарудың өзі жайдан-жай шыққан нәрсе емес. Бір ескеретін жағдай, мен ештеңені ойымнан шығарып отырғаным жоқ, халықта бұрыннан барды айтам. Халық – ғаламат бір қазына. Соны білуге талпыну әрі өзің білгенді өзгеге үйрету – адамдық парыз. Қырқынан шықпаған баланың еті мен сүйегі бірікпегенін білегінен ұстап байқауға болатынын өткен сандарымызда айтып өттік. Олай дейтініміз, қырық күнге дейін баланы «тіл тиеді», «сұқ өтеді» деп тіл-көзден сақтаған, көрсете бермеген, яғни ана үшін де, бала үшін де қырық күн – қауіпті кезең. Қырқынан шықпаған бөпені көруге үлкендер де талпынбаған. Сол сияқты қырқынан шықпаған баланың көзі де біртүрлі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз болып тұрады. Тағы да қайталап айтам, қырқынан шықпаған бала әлі жердің баласы болып есептелмейді. Баланы қырқынан шығарған соң-ақ оның екі көзі жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды. Білегін ұстағанда ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады, яғни сәбиді қырқынан шығару – ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет. Сонымен бірге халқымызда қайтыс болған адамның қырқын беру деген бар. Қайтыс болған адамның қырқын беру – аз болсын, көп болсын, біріне-бірі серік болған ет пен сүйектің ажырауына берілетін құдайы, өлімнің артын күту ғұрыптарының бірі. Өйткені дүниеден өткен адамның қырық күннен кейін еті мен сүйегі ажырайды екен…
Әдетте ұл баланы қырық күнге жеткізбей (37-39 күнде), қыз баланы міндетті түрде қырық күн толтырып барып, қырқынан шығарады. Тіліміздегі «әйел қырық шырақты» деген сөз де осы жаймен байланысты айтылса керек. Қалай болғанда да, ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Әйел мен ер адамның күш-қуатында, жаратылысында, дене құрылысында өздеріне тән ерекшеліктері бар, бір есептен қыз бала ұлдан қарағанда нәзік қой. Ұл бала болмысынан төзімді, қайсар дегендей, сондықтан ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығара береді. Бала өміріндегі кез келген қуаныш тойларының әрқайсысының ізгі тілегі, мақсаты, танымдық үлгісі бар. Бала мазасызданып жылағанда, дұрыс ұйықтамағанда әжелеріміз «бала қырқын күтіп жүр» деп жатады. Шынында да, құдайдың құдіретіне шек жоқ, жаңағыдай мазасыз жылаңқы баланы барлық жөн-жоралғысымен қырқынан шығарса, жылауы тоқтап, тынышталатын болған. Мұндағы тағы бір ерекшелік, баланы қырқынан шығаруға арнап шақырылатындар – әйел адамдар, осындағы жөн-жоралғыларды әйелдер атқарады. Бүгінде «әйтеуір қырқынан шығару керек» деген түсінікпен, оның астарына мән бермей жүргендер бар.
http://reactor.inform.kz