Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың тойы, салт-дәстүрден қапы қалмасын

Қазақтың тойы, салт-дәстүрден қапы қалмасын

Бүгінгі уақыт – қазақ тойының шырқау шегі десек, қателескеніміз емес. Тойды халықтың қазынасы, береке-бірліктің бастауы ретінде қабылдайтын қазақ үшін, сонау ерте дәуірден бастап тойдың ерекше атап өтіліп келе жатқанын тарих беттерінен оқып жүрміз. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, ырғап-жырғап мұрат-мақсатқа жетіпті» деген сөзді де халық ауыз әдебиетінен жиі кездестіреміз. Осыдан-ақ ықылым заманнан ұлтымыздың әрбір қуанышқа бейжай қарамай, ұланасыр той жасағанын аңғаруға болады. Тойда ат шаптырып, ұлттық ойындарды ойнатып, дәстүрді дәріптеп, салтты сабақтап, рухани болмысты жаңғыртатын қуаныштың адам баласына беретін пайдасы да орасан зор. Ал бүгінгі дәуірдің тойы қалай өтуде? «Заманына қарай заңы өзгереді» деп қазақы тойдың түпкі мән -мағынасынан жырақтап, қадірін жоғалтып алған жоқпыз ба?

Қазақтың тойы – мәдениеттің айнасы, тәрбиенің құралы. Бүгінде кез келген адам той жасауға қауқарлы, оған мүмкіндік те көп. Тек қалтаңда ақша болса болғаны, зәулім сарайды жалға алып, түрлі шоуды толтырып, жердегі жұлдыздарды аспандағы бағаға шақырып, дүркіретіп өткізу болады. Өкінішке қарай, той жасауға қаражаты жетпегендер «кім не дейді?» деген көзқарастан шыға алмай, қатарынан қалмауды көздеген жандар, жалған намыспен банктерді жағалап, бес сағаттық тойға, бес жыл төлейтін несие рәсімдеп атқарып жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Қазақ халқы әуелден барға қанағат, жоққа сабыр еткен. Хәкім Абай: «Бес асыл істің бірі – қанағат» екенін айтады. Десе де, қазіргі қоғамның осындай игі қасиеттерден алшақтап бара жатқаны елін сүйген әрбір азаматты алаңдатары анық. «Ауруын жасырған өледі» демекші, тойдың да қазір түр-түрі шығып, келеңсіз тұстары көбеюде. Санаға сыймайтын салттар, дінімізбен қазақы болмысымызға қайшы өрескел әрекеттер өріп жүр. Оны көрген кей үлкендердің құптап, «қойындар!» деудің орнына, алақан соғып отырған карияларды көріп қарның ашады. Тойда орынсыз ойын ойнатып, жасы кіші мен үлкенді жұрт алдында билетіп, күлдіремін деп, бүлдіріп жүрген асабаларды да ғаламтор желісінен жиі байқаймыз. Тіпті олар қазір сұранысқа ие. Атақты Досбол шешеннен «Қол бастау қиын ба, әлде жол бастау қиын ба?» деп сұрағанда: «Қол бастау қиын емес – көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес – соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтса, мереке қылады, таппай айтсаң, келеке қылады» деген екен. Міне, көп алдында көсіле біліп, тойыңыздың мәнін ашып, сәнін келтіретін – азулы асаба. Той тізгіндеушінің басты құралы – ұшқыр ой, тапқыр сөз. Яғни, ауыз әдебиеті мен қазақ әдебиетіне қанық, тарих тағылымын терең ұғынуы шарт. Бәріне топырақ шашудан аулақпыз, тойда дәстүрімізді нақышына келтіріп насихаттап жүрген азулы асабаларда жетерлік. Десек те, бір әулеттің жылдар бойы күткен тойын, шоуға айналдырып, шетелдің әніне есерте билетіп, қуанышты бөлісуге келген мейманның масқарасын шығарып, көңілін көтеремін деп, көңіліне тиер сөз айтып жүрген той тізгіндеушілерде жоқ емес. Әлеуметтік желі арқылы, баспасөз беттерін қанша ескертулер мен кеңестер айтылса да, мән бермей, құлақ аспауы расымен өзекті мәселеге айналды. Себебі қазір ғаламтор ғарыштап дамыған уақыт. Телефонға телмірген жастар соларға қарап, жасаған әрекеттерін қайталап жүрмесіне кім кепіл?! Керісінше тойымызда жиналған жұрт алдында өнегелі сөзімізбен зілсіз қағытпа қалжыңдарды айтып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ойындарды ойластырып, салтымызды сабақтасақ, жеткен жетістіктердің бірі болары сөзсіз. Қазаққа қазақ жаны ашымаса, сырт елден біреу келіп мынауың дұрыс не бұрыс деп айтпайтыны тағы бар. Қайта күле қарап, сынап, мінеп кетеді. Сондықтан көпшілік көз тіккен қуаныш тойымызда кешегі атақты Жамбыл, Кенен, Шашубай, Сүйінбай, Нұрпейіс, Тұрмағамбет, Шал ақын сияқты адуынды ақын-жыраулардың сөздерін ұрпаққа үлгі етсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ал көзі қарақты оқырман, сіз қалай ойлайсыз?

Мейіржан ИБРАГИМОВ




05 тамыз 2024 ж. 229 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031