Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дарақы мырзалықтан сарабдал сараңдықтың өзі артық

Дарақы мырзалықтан сарабдал сараңдықтың өзі артық



Той – тағылым түйдіретін, тектілікке баулитын тәлім-тәрбиенің өтімді мектебі деп айтып жүруіміз тегін емес. Онда қазақ халқының салт-дәстүрі дәріптеліп, рухани құндылықтарымыз жаңғырады. Тойшыл қауым той иесіне «қуаныш ұзағынан сүйіндірсін, той тойға ұлассын» деген игі тілегін білдіреді. Алайда, бүгінгі той атақ пен шатақтың ордасына айналып бара жатқандай...
Тойдағы кейбір салт-дәстүрдің басым бөлігі бүгін де сақталған. Мысалы, үйлену тойында жар-жар, беташар айтылады. Алайда, «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің түбегейлі өзгеруіне сәйкес, той өткізуде де жаңа сипаттың орын алғаны белгілі. Оның жағымды тұстары да баршылық. Дейтұрғанмен, тойды дұрыстап өткізуде де ойласарлық жайт жоқ емес. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болып, ел шеті жаусыз, ел іші даусыз болып, халқымыздың күнкөрісі жақсарып, қуаныштың, той-томалақтың көп болғанына не жетсін. Бірақ той-томалақта жөн-жосықсыз шашылу, ретсіз шығындалуға қатысты мәселенің шиеленіскен түйінін тарқату керек сияқты. Қазіргі таңда көрпеге қарап көсілудің орнына, қарызға белшесінен батып, көл-көсір, аста-төк той жасаушылар көп. Ал, оны жөнсіз санайтындардың уәжді пікіріне бірінші кезекте мән беріп, құлақ асудың қажет екенін тұрмыс-тіршілік айғақтап отыр.
Олай болса, жақында studentmedia.kz сайтында жарияланған ақпарат жайында сөз өрбітсек. Халықтың қазынасы қазақ тойының бүгінгі келбеті соңғы кездері ел талқысына жиі түсіп жүр. Ереже, формат шеңберіне сыймайтын той-томалақта неше түрлі «ғажайыптар» мен «сұмдықтар» орын алуда. Осы ретте жақында қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академия­­сы қазақ тойының жаңа форматын көпшілікке ұсынды. Мұны қаламгер Марат Тоқашбаев Facebook-тегі парақшасында жариялаған болатын. Онда:
1. Ең алдымен той уақытын қазіргі 5-6 сағат­тан 1,5-2 сағатқа қысқарту үшін тойдың креативті фуршеттік тәсілі ұсынылады.
2. Той тура шақыру билетінде көрсетілген уақытта басталады. Беташардың қысқартылған нұсқасы орындалады. Ең жақын 5-6 адам ғана таныстырылады.
3. Тойда жасы үлкен кейбір адамдарға, құдаларға үстел қоюға болады, жалпы қонақтар түрегеп жүріп, өзі қалаған адаммен сұқбаттасады.
4. Тост болмайды. Оның орнына жас жұбайлар немесе мерейтой иесі сағат тілі бойынша айналып, әр топқа немесе әр үстелге келіп аялдап, өзінің алғысын арнайды. Ешкімге микрофон берілмейді. Топтағы қонақтар өздерінің ізгі тілегін тікелей білдіріп, сыйлығын ұсынып жатады. Тілек-тілдесу 2-3 минуттан аспайды.
5. Асабаның қызметі енді тост беру орнына келген қонақтардың абырой-атағын таныстыруға, олардың сіңірген еңбегін мәлімдеуге бағытталады.
6. Той тамағы халал түрде фуршеттік қазан­дар­да жасалады, әркім не жегісі келсе, тәбеті неге тартса соны өздері барып қалағанын алып жейді. Құрметті қонақтарға ұсынылатын жіліктер алдын ала араланып, шағындалып, арнайы тәрелкелермен әкелініп тартылады. Оны қаласа тұрып, қаласа отырып жеуіне болады.
7. Сусын мен ішімдіктер даяшылар тарапынан разноспен ұсынылады.
8. Тойдың алғашқы бөлігінде бақырып-шақырған қатты музыка болмайды, тек жанға жайлы жұмсақ музыкалық фон ғана болады (домбыра, қобыз, скрипка).
9. Тойдың екінші бөлігі биге арналады. Әнші жұлдыздар шақыру міндетті емес. Би репертуары тек қазақ эстрадасынан жасақталады. Даяшылар сусындар мен т.б. арнайы тағамдарды үш рет қана ұсынады.
10. «Тойбастар» дәстүрінде қонақтардың бірі ән айтады, той иелері жас жұбайлардың арнайы естелік кәдесыйларын ұсынады.
11. Той үлкен ақсақалдың бата беруімен, той иелерінің алғыс айтуымен аяқталады. Аса салтанатты ұйымдастырылған той 120 минутта, әрі кетсе 150 минутта аяқталады.
Сценарий авторы М.Тоқашбаев «Қазақтың бүгінгі тойы жұртты әбден мезі етіп болды. Ол бұдан 60, 70 тіпті 100 жыл бұрынғы тойлардан мүлде бөлекше өтіп жүргені мәлім. Ол кезге қайтып оралмайтынымыз тағы айқын. Қазақтың бүгінгі тойында уақыт пен тамақ – ысырап, децибиллдердің жоғарылығынан қонақтардың өзара әңгімелесуіне мүмкіндік – тапшы. Тойдың бұл жаңа тәсілі арқылы тойға кешігу жойылады, той уақыты қысқарады, уақытты бағалау артады, адамдар бір-біріне жақын бола түседі, Жұлдыздарға тәуелділік кемиді, міндет орындалады» – дейді. Расында, «Дарақы мырзалықтан сарабдал сараңдықтың өзі артық» демеді ме дана бабаларымыз? Қазақтың той-томалағындағы артылған аспен тағы бір той атқаруға болатын жағдай жиі кездеседі. Бұл – барып тұрған жөнсіз ысырапшылық.
«Бір атым насыбайға» бола өкпелеп қалатын қазекем сөз келмесін деп тойды мінсіз атқаруға тырысады. Бүгінде бай мен кедейдің
тойын ажыратудан қалдық. Той мерекеге емес жарысқа айналғаны қашан. Сондай-ақ, тойдағы қонақтардың ерсі қылықтары, қазақилыққа жат, ұятсыз әрекеттер де жұрттың ызасын тудырғандай. Кешігіп келуді айтпағанда ысырапшылдық, торт кесіп жегізу секілді кемшіліктерді әр қазақтың тойынан байқап жүрміз. Осы тойдағы асыра сілтеу мен ысырапшылдық жайында шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, ақын Д.Мәсімханұлы: «Бұл жаңа форматта қарастырылған креативті фуршетке қарсымын. Түрегеп жүріп тамақ ішу біздің салтымызға, жалпы ислам қағидасына сай келмейді. Тойды салтымыздың шеңберінен шығармай, алайда бүгінгі заманға сай етіп, бірізділікке түсіру үшін үкіметтің араласқаны дұрыс. Аспан асты елінде билік той ережесін бекітіп тастаған. Оларда қонақтың саны, той шығыны бәрі есептеулі. Той басталарда ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері келіп барлығын тексеріп кетеді. Алғашында бұл ерсі көрінгенімен, халық кейіннен бұл тәртіпке үйренісіп кетті. Өркениетті ел боламыз десек, қазаққа да «бетімен кеткен» тойды жөнге келтіру керек», – деп пікір білдіреді.
Иә, тойшыл қазақтың ақ дастарқаны жайылып, жүрекжарды тілегі айтылғанға не жетсін? Дегенмен, көп болып кеңесетін тойдың осал тұстарын мәдениеті озық Қытай елі секілді мемлекет тарапынан ереже енгізіп, жөнге салғанымыз да жөн шығар. Бүгінде әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен бұл ұсыныс халық арасынан қолдау тауып та үлгерді. Сан алуан пікірлер мен мыңдаған «ұнатулар» басылған бұл жазбаға Алматылық З.Абирова: «Міне, осылай қазақтың тойын басқаша тойлау керек дегенді өз басым баяғыдан армандаушы едім. Себебі, екі ұлым бар.Қазіргі тойлардың өту деңгейі даңғазаға айналып кетті. Астамшылық, бір бірінен асып түскісі келген жарыс болып, əртүрлі əнші, бишілерді шақырту, ішімдікке масайраған жасы да жасамысы да сұмдыққа айналып кетті. Енді жаңаша тойы­­мызды заң тəртібінде дұрыстап белгілеп берсе, құба құп дер едім» – деп пікір қалдырған. Сонымен қатар, А.Ермағамбетов есімді азамат: «Қазіргі асабалардың тойды жүргізу тәсілі шынымен елді зеріктірді. Реформа керек, бірақ түрегеліп жүріп тамақтану әбестік болар» – деген ойын білдіріпті.

Түйін: Жиған-тергенін тойға шашатын қазақтың дарқандығы дарақылыққа айналып бара жатқандығы жасырын емес. Миллиондаған қаржыға бір тәтті торт жасатып, абыройын көрсету бүгінгі күннің сәніне айналып кетті десек те болады. Сондықтан, бір ереже бекітіп, керек жерінде шектеу қойған жөн-ақ. Мұқым бір қазақ елінің салт-дәстүрі жанданып, той-томалақтан шаршамай қайтар едік. Мақтанышпен ұятқа қалып емес, демалып, көңіл көтеріп қайтар той болғанға не жетсін. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
18 сәуір 2018 ж. 1 150 0