Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Той – халықтың қазынасы, бірақ...

Той – халықтың қазынасы, бірақ...

«Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дүниежүзілік дүрбелеңге қатысты жариялаған Үндейінде осылай деді.
Иә, «Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған» қазақ үшін бұл сөзді есту оңайға соқпағаны рас. Қазақта адам дүниеге келгеннен бастау алатын «Қалжа той», «Шілдехана», «Бесік той», «Тұсаукесер», «Сүндет той» сынды ұлттық болмысты ерекшелейтін, санасаң саусақ жетпейтін тойлар жетерлік. Қазақтың тойы – ұлттық тәрбиенің бесігі. Тарихқа үңілер болсақ, қазақ ықылым заманнан-ақ тойды өткізу мен оның мәдениетіне жіті мән берген. Сондай-ақ әдет-ғұрыптың, салт-сананың, ой-өрістің бағын ашатын дүние де осы деп бағамдаған.
Қазір кең етек жайып отқан коронавирустың таралу қаупіне байланысты тойды кейінге шегеру – баршамыз үшін дұрыс шешім. Себебі, аталған індетті жұқтырған адамның саны күн санап артып келеді. Сондықтан той-томалақты уақытша тоқтату – инфекцияның алдын алуға және таралып кетпеуіне бөгет болатын бірден-бір жол.
Мемлекет басшысы әлемді шарпыған індетке үлкен алаңдаушылық танытып, біршама төтенше жағдай енгізді.Сәйкесінше, облыс әкімі Қ.Ысқақов та Үндеуге үн қосып: «Кафе және мейрамханалар келушілердің санын 50 адамнан асырмауы қажет және тек 22:00-ге дейін ғана жұмыс істеуі шарт» деген болатын. Айта кетейік, елдегі ахуалға байланысты ауданда өз еркімен жұмысын тоқтатып жатқан кәсіп иелері «Сақтансаң сақтайды» деген ұстанымды ұстанып, қызықшылығын кейінге шегеріп жатқан тұрғындар да бар. Осындай кезде той-тойлауды ерсі санап, Үкімет сөзіне құлақ асып, азаматтық борышым деп санаған жандардың болуы әсте қуантады.
Ал арамызда бұл ахуалға аса мән бермей, немқұрайлылық танытып жатқандар жоқ деп айта алмаймыз. Оларға барынша сақтық шараларын орындап, тыйым салынған орындарға бармауға тырысыңыздар дегіміз келеді. Немқұрайлылықтың соңы орны толмас өкінішке алып келмесе екен дейміз.
Ауданда той-томалақтың болмауын қадағалап, түнгі ойын-сауықтық жерлердің жұмысын бақылайтын арнайы комиссиялық топ құрылған. Олар күн сайын кешкі уақытта рейдке шығып, мейрамхана мен кафелерді аралап, арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойхана иелеріне жадынамалар таратып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, кеселдің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар көп. Енді осы жасалған жұмысқа жауап ретінде тұрғындардан қажетінше жауапкершілік танытып, біркісідей атсалысуы сұралады.
Тойға тыйым салу немесе шектеу қоюды қаламаймыз, әрине. Той – халықтың қазынасы. Бірақ мынадай жаһандық індет шарпыған кезде уақытша енгізілген ережелерге бағынып, жүктелген жауапкершілікті сезінгеніміз абзалырақ. Сол кезде ғана ауыл, аудан, ел болып бірігіп аурудың алдын ала аламыз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

21 ақпан 2020 ж. 822 0