Қалжалау немесе қырық күн күтім
Халқымыздың өзіндік тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ұстанатын салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Оның барлығы сыйластық, тәлім-тәрбиеге негізделгендіктен, қоғамда орны айрықша. Өкінішке қарай қолданыстан тыс қалып, ұмытылып бара жатқандары да жетерлік. Біз бүгін «Қалжалау» дәстүрі туралы қозғамақпыз. Жалпы қалжалау туралы не білеміз? Жас анаға қырық күн күтіну қаншалықты маңызды?
Қазақта сәби шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ сан түрлі жөн-жоралғы басталады. Олардың қатарында шілдехана, бесікке салу, ат қою, қырқынан шығару, ашамайға мінгізу сияқты түрлері бар. Мұны ескерген халқымыз жас анаға арнап қой сойып, қалжалау рәсімін жасаған. Яғни сойылған қойдың еті таусылғанша жас анаға сорпа ішкізіп, етін жегізген. Бұл орайда үлкендер «Қалжаланған әйел қалпына тез келеді әрі ауру-сырқаудан айығып, күш-қуатын жинап, сүйектері қақсамайды, тістері түспейді» деп түсіндіреді. Сондай-ақ қалжаланған әйелдің сүті нәрлі, тойымды болады, екеуінің де ұйқысы тыныш болады дейді. «Қалжалау» дәстүрі бүгінгі таңда да өз маңыздылығын жоғалтпаған. Біз оны қазақы қаймағы бұзылмаған Бестам ауылының тұрғыны, ақ жаулықты әже Ұлған Қошқарованың сөзінен аңғардық.
– Қалжалау – ата-бабадан келе жатқан салт. Әрине, жас босанған анаға аса күтім қажет. Өйткені, бойына біткен баланы бар күш-жігерін жинап, 62 тамырын идіріп, дүниеге алып келу оңай емес. Сондықтан барынша ыждағаттылықпен жас анаға көмектесіп көңіл бөлу керек. 40 күн сорпалатып, шілдетерін шығарып, өз қалпына келуіне ықпал тигізу ол барлық ене мен күйеуге үлкен жауапкершілік. Сондықтан мен бұл дәстүрді берік ұстанамын десем болады, – дейді.
Айта кетейік, жасы жетпіске таяп қалған Ұ.Қошқарова бүгінгі таңда 7 ұл-қызынан 24 немере сүйіп отырған ардақты жан. Айтуынша, жақында ғана кіші келіні дүниеге шекесі торсықтай ұл әкеліпті. Сондықтан аталған дәстүр бұл шаңырақта көрініс табуда. Сондай-ақ этнограф, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова осы дәстүр бойынша «Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені, қалжа беру сауабы үлкен іс саналған» деп маңыздылығын айқын көрсетеді.
Жалпы қалжаны «жаңа туған ана мен баланың сыбағасы һәм несібесі» деп айтады. Бұл тұрғыда қазақ халқы «Қалжалы әйелден олжалы ұл туады» деп тәмсілдеген. Сондықтан жаңа туған ана қалпына келіп, сәби тез еталу үшін аталған дәстүрді әр отбасы жаңғыртуы керек.
Фариза КЕНЖЕШОВА