Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КАСПИСІЗ БЕТАШАР ӨТПЕЙ МЕ?

КАСПИСІЗ БЕТАШАР ӨТПЕЙ МЕ?


Беташар – қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінің бірі. Беташарды тыңдағанда тебіренбейтін, толқымайтын, мерейі тасымайтын жан кемде-кем болар. Келін мен елді таныстыратын ұлттық әдет-ғұрпымыздың айқын көрінісі.
Ерте заманда жас келінді екі жеңгесі қолтықтап бір топ әйел ере келіп, үйге кіреді. Келіншек табалдырықтан аттаған бойдан, ошаққа жеткенше тізесін бүгіп үш рет сәлем етеді, содан соң үй ортасында жанып тұрған отқа май құяды (бұл майды әйелдердің бірі дайындап тұрып, сол жерде келінге бере қояды). Лапылдап жанған майдың жалынына кемпірлер қолдарын тосып: «от – әулие, май – әулие» деп беттерін сипайды. Осыдан кейін келінді үйдің сол тұсқа, есікке таман жағына апарып отырғызады. Сол кезде жыршы беташар өлең айтады. Онда: «Атаңды сыйла – ол сенің әкең, анаңды сыйла – ол сенің шешең, күйеуіңді сыйла – ол сенің қожаң, өсек айтпа» деген сияқты өсиет сөздер айтады. Жыршы оқтын-оқтын «қайын атаңа бір сәлем» не басқаларын айтып «бір сәлем» деген кезде келіншектің қасында отырған әйел келіншектің бетіндегі бүркенішін бір көтеріп, қайта жабады, келіншек тұрып сәлем салады. Әрбір осындай сәлемнен кейін, сәлем арналған адам, осы сәлем үшін беретін кәдесін жариялайды.
Той дегенде қу басты домалататындардың бірі – қазақ халқы. Қандай қуанышымыз болса да ағайын-туыстың басын қосып, барымызды шашуға құмармыз. Ол – жақсылықтың нышаны. Ұзағынан болсын. Алайда, күн өткен сайын ұстараның жүзіндей мың құбылған өмірде бәрі өзгеруде. Әсіресе той жасаудағы салтымыз бен дәстүрімізде кейбір жағымсыз өзгерістер де қылаң беріп жүргендей. Негізгі мәселе – бүгінгі тойдағы қазақ дәстүрлерінің озығы мен тозығы хақында болып тұр. Басқа тойды ары қойғанда оң аяқпен босаға аттаған жас келіннің бетін ашу, яғни «Беташардың» келбеті қандай деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны айдан анық. Бүгінгі бұл дәстүрдің басқаша бет алып кетуіне қынжылатындар да аз емес. Қазақтың бұрынғы тойы мен бүгінгі тойының арасы жер мен көктей. Мәні мен мазмұны өзгерген той дәстүрлері көбейіп кетті. Өкінішке қарай, бүгінгі заманға бейімделіп беташар шоуға айналып барады. Беташарды ақша табудың жеңіл әдісі ретінде көретіндер тарихи салттың маңызын тым құлдыратып жіберді. Әрине қынжыласың. Алайда, бүгінгі беташардың келбеті осындай. Мүмкін бұған да карантин әсер еткен шығар.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіде кеңінен тараған «Кас­пи беташарларды» көріп жүрген боларсыз. Бұл үрдістің белең алғаны сонша, асабалардың дені осы әдіске көшіп алған.
Қазір тойға барсаңыз бұрынғыдай табаққа ақша салмайсыз. Тек ұялы телефоныңызда Kaspi.kz қосымшасы болса болғаны. Яғни, табаққа салатын ақшаңызды, Kaspi QR арқылы төлей аласыз. Тіпті, келіннің бетіне жабылған ақ жаулықта QR қосымшасы да орнатылған. Естір құлаққа әрине күлкілі. Бірақ той-томалаққа барам десеңіз, келіннің сәлем салғаны үшін онлайн төлем жасауға дайын жүріңіз. Себебі, шыны ыдысқа тыйын тебен тастамақ түгілі, табақтың көлеңкесін де сирек көресіз. Заманына қарай адамы дейміз ғой. Бірақ, барлығын заманға жабыстырып, жақсы мен жаманды, харам мен халалды айыра алмай жүрген жоқпыз ба? Даму, жаһандық бәсеке, дамыған елдердің тәжірибесін алу, рухани жаңғыру дегенді қалай түсініп жүрміз өзі?

Сымбат Сұлтан
10 тамыз 2021 ж. 548 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930